Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес үкімет елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Үкіметтің ресми сайтының хабарлауынша, Павлодар облысы ауылдарында медициналық объектілер салуға арнайы мемлекеттік қордан 228 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Қаражат Екібастұз және Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында, сондай-ақ Ертіс, Железин, Тереңкөл ауданындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталады. Мәселен, Екібастұз ауылдық округінің Бәйет ауылында 1983 жылы пайдалануға берілген жалғыз ФАП орнына фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарланған. Ескі ғимарат жөндеуге жарамсыз деп танылды. Бүгінде елді мекенде 822 адам тұрады.

  Ал, Ертіс ауданында дәрігерлік амбулатория ашылады. Нысан санитарлық талаптар мен нормаларға сай жабдықталады. Аудандағы медициналық пункт мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Қолданыстағы денсаулық сақтау нысандарының шалғай орналасуына байланысты Мыңкөл, Ивановка және Құркөл ауылдары да жаңа медициналық нысандар салуды қажет ететін елді мекендер тізіміне еніп отыр. Оларға ең жақын аудандық емхана 18 шақырымнан 115 шақырымға дейінгі қашықта орналасқан.

   Ауылдарда тұрғылықты жері бойынша медициналық қызмет көрсететін жаңа медициналық пункттер салынады. Павлодар облысының елді мекендерінде 168 мыңнан астам тұрғын бар. Жаңа денсаулық сақтау нысандарын салу жұмыс істеп тұрған ұйымдарға түсетін жүктемені азайтып, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қымбат Садық