Көктем келгенде өзен-көлдердің мұзы жұқарады. Бұл кезде мұз үстінде жүру өте қауіпті. Алайда кейбір балықшылар бұны елемей, су айдынына шығып, балық аулайды.

Осыған байланысты Павлодар облыстық Халық партиясының белсенділері төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге Усолка жағалауында түнгі рейд жүргізді. Рейдтің мақсаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұз үстінде жүру қаншалықты қауіпті екенін түсіндіру.

ҚЫДЫРЖАН НАСКЕНОВ, ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Жалпы, қыс мезгілі оқыс оқиғасыз өтті. Су айдындарында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Көктемгі кезең де әзірге қалыпты өтуде. Біздің мақсатымыз – мұзға шығып балық аулайтын адамдарға сақтық шараларын түсіндіру. Қазір мұз өте қауіпті. Балықшылар өз өмірлерін қатерге тігеді. Сонымен қатар, оларды құтқаруға келген адамдар да қауіпке ұшырауы мүмкін. Осындай жағдайлар қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.

Рейд барысында дрон мен жылу камерасының көмегімен мұз үстінде жүрген адамдар анықталды. Заңға бағынбаған балықшыларға айыппұл салынды.

ӘЛІМБЕК АҒЫБАЕВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Бұл шараның мақсаты – түнгі уақытта мұзға шығып жүрген азаматтарды анықтау. Өйткені бұл заң бойынша тыйым салынған. Арнайы техниканың көмегімен екі құқық бұзушы анықталды. Олар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Ең бастысы – оларға қауіпсіздік шаралары түсіндірілді. Осындай шаралар судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға көмектеседі.

Айта кетейік, түнгі уақытта мұзға шығуға тыйым салынған. Мамандар балықшыларға көктемгі мұздың қаншалықты қауіпті екенін ескертті. Құтқарушылар азаматтарды сақ болуға шақырып, мұз үстіне шықпауға кеңес бередІ

Сабина Жолдаспаева