Жетекші ауылындағы мәдениет үйінің құрылыс жобасы 2020 жылы жасалған еді. Қаражат бөлініп, 2022 жылы мердігер компания іргетасын қалаған. Алайда, араға бірнеше ай уақыт салып құрылысы тоқтап қалды. Толығырақ ұзаққа созылып кеткен сақалды құрылыстың бүгінгі тынысымен әріптесім Байтұрсын Жұмабай танысып қайтты.

Бұл облыс орталығына іргелес Жетекші ауылының мәдениет үйі. 2024 жылы пайдалануға берілуі тиіс нысанның қазір тек қабырғалары ғана көтерілді. Себебі, бұдан бұрын мемлекеттік тапсырыс ұтып алған компания келісім шартты орындамай, құрылысын созып жіберген. Іс сотта қаралды. Қазір мәдениет үйін басқа фирма бой көтеруде

 ВИКТОР ПРЯХИН, «АМАНАТ» ПАРТИЯСЫ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

2020 жылы осы нысанның жобасы жарияланды. 2022 жылы тендер ойнатылды. Ұтып алған фирма құрылыс мерзімін созып жіберді, ал тапсырыс беруші – Павлодар қаласының құрылыс бөлімі осы іс бойынша сотқа шағымданды. Сотта мердігердің келісім шартты бұзғаны анықталды. Бұдан кейін жоба қайта бағаланып, тендер қайта өткізілді. Жаңа мердігер жұмысқа кірісті. Наурыз айының басында олар құрылысқа рұқсат алды. Қазір біз нысандағы өзгерістерді байқадық.

Қайта жанданған құрылыс барысын Аманат партиясы бақылап қайтты. Қазір жұмыстың 40 пайызы орындалған. Нысанда 37 құрылысшы еңбек етіп жүр.

ДӘУЛЕТ ЖАЙМАҒАМБЕТОВ, НЫСАН БАСТЫҒЫ

Біз жұмысқа кіріскенде тек қабырғалары ғана тұрғызылған еді. Алайда зерттеу жүргізе келе қалаған іргетасы дұрыс қаланбаған болып шықты. Көп уақыт бойы шатырсыз тұрғандықтан кейбір бөлшектері ұсақталған. Біз оны толықтай құлатып, орнына жаңа қабырғалар тұрғыздық.

Мердігер құрылысын биыл қыркүйек айында аяқтаймыз деп отыр. Онда 300-ге жуық көрерменге арналған зал, сахна, үйірмелер, мәдени-салтанатты шара ұйымдастыру үшін кабинетер болады деп жоспарланған. Ал қазір ауыл тұрғындары жергілікті кітапханада мәдени шараларды өткізуге мәжбүр.

Байтұрсын Жұмабай