Бүгін – Халықаралық резервтік көшіру күні. Бұл күн деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген. Компьютерде немесе телефонда сақталған маңызды құжаттар, суреттер мен видеолар түрлі себептерге байланысты жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан алдын ала сақтық шараларын қолдану маңызды. Бэкап жасаудың жолдары қандай? Келесі сюжеттен көрейік.
Бэкап жасау – мәліметтердің сақтық көшірмесін дайындау. Бұл – деректердің жоғалып кетуінің алдын алу үшін қажет. Электронды құрылғылар әрдайым тұрақты жұмыс істей бермейді. Компьютер немесе смартфонның бұзылып қалуы, вирус пайда болып, кездейсоқ файлдар өшіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайға тап болмас үшін алдын ала сақтық шараларын қолданған жөн.
БАУЫРЖАН МИРБЕКОВ, IT МАМАН
Бізде телефонмен жұмыс, компьютермен жұмыс жалпы IT сферасы дамып келеді. Сондықтан хакерлерден сақтану үшін бізге осы бэкап керек. Не үшін қажет десеңіздер. Ол біздің жеке ақпараттарымызды сақтау үшін керек болады. Негізі өз сөзімізбен айтқанда ол жеке мәліметтеріңізді басқа жерде сақтау. Яғни сіз компьютермен жұмыс жасап отырып, ол жерге вирус кірсе, қателіктер, ақаулар болса оны бұлттық сервестерде сақтаған жөн.
Бэкап жасаудың бірнеше әдісі бар. iPhone қолданушылары үшін – iCloud-қа сақтауға болады. Android қолданушылары үшін – Google Drive-те сақтау қажет. Ал Компьютерде маңызды файлдарды сыртқы дискке немесе OneDrive бұлттық сервисіне жүктеу ұсынылады.
БАУЫРЖАН МИРБЕКОВ, IT МАМАН
Жалпы бэкаптың түрлері көп. Бұлттық бэкап бар, ол бізде гугл драйв, айклауд секілді бұлтты сервестер қолданылады. Және сыртқы бэкап деген бар. Бұл бізде флешкамен немесе дисктермен өздеріңіздің ақпараттарыңызды сақтауға болады. Солай өздеріңізді қорғай аласыздар. Жалпы бізде қазір елімізде цифрлық даму әлем бойынша алдыңғы орында. Сондықтан ол маңызды нәрселердің бірі деп санаймын.
Бэкап жасау – ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі. Бұл – қарапайым, бірақ өте қажетті процесс. Деректеріңізді қорғаудың ең сенімді жолы – олардың көшірмесін жасау.
Сабина Жолдаспаева