1 сәуір – қазақ музыкасының жарық жұлдызы, композитор, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туған күні. Оның есімі ұлттық өнер тарихында мәңгі сақталады. Қазақ музыкасын жаңа деңгейге көтерген ұлы тұлғаның шәкірті Талғат Кәрімов жылы естеліктерімен бөлісті.

Нұрғиса Тілендиев бала кезінен музыкаға жақын болды. Белгілі тұлға 1982 жылы «Отырар сазы» оркестрін құрды. Бұл оркестр ұлттық аспаптарды дәріптеп, халық музыкасын кеңінен насихаттады. Ал, 1992 жылы «Отырар сазы» оркестріне домбырашылар конкурсы өтті. Байқауда ерекше өнер көрсеткен жас музыканттардың бірі – Талғат Кәрімов. Ол сол жылы алғаш рет Нұрғиса Тілендиевпен жүздесті. Бұл сәт оның есінде мәңгі қалды.

ТАЛҒАТ КӘРІМОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, РҮСТЕМБЕК ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ, БАС ДИРИЖЕРІ

Әрине ең алғашқы рет кіріп келгенде, есікті ашқаннан кейін бір керемет әсер болды. Мысалы мен өзім Павлодардан болдым, тағы бір досым Көкшетаудан болды. Кіріп келгенде Нұрғиса ағамыз сұрады, «Қайдан келдің?» деп. Мен «Павлодарданмын» дедім. «Арғынсың ба?» деп руымды сұрады. Мен «Иә, арғынмын» деп жауап бердім әлі есімде. Содан кейін «Рүстембек Омаровты білесің бе?» деді. Мен «Естуім бар, бірақ ол кісіні көрген жоқпын деп жауап бердім.» Сосын Нұрғиса ағаның айтқаны «Рүстембек Омаров ол виликий күйші» деген. Рүстембек Омаров ол біздің Павлодар өңірінің ең алғашқы кәсіби домбрышасы, халық әртісі. Ал қазір мен сол Рүстембек Омаров атындағы оркестрінің көркем жетекшісі және бас дирижжерімін.

Өмірін ұлттық өнерге арнаған Нұрғиса Тілендиев көптеген танымал шығармалар жазды. Оның «Аққу», «Көш керуен», «Махамбет», «Өз елім» сияқты күйлері қазақ музыкасының алтын қорына енді.

ТАЛҒАТ КӘРІМОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, РҮСТЕМБЕК ОМАРОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ, БАС ДИРИЖЕРІ

Нұрғиса ағаның қасында болып, үлкен тәжірибе алдым. Шынымды айтайын музыкант ретінде де, жай кісі ретінде де. Мысалы сол кезде кейде бізге Нұр ағаңды үйге шығарып салыңдар деп айтатын. Сонда ең алғаш үйіне шығарғанымыз да бар, қазіргі мұражай үйі. Жол бойы әңгімесін айтатын. Керемет бір өзім әсер алдым. Бақытты деп айтамын өзімді. Өйткені сондай ұлы тұлғамен таныстым, ұлы күйші, композитор, дирижермен. Сөзім де жетпейді, қандай да бір әдемі сөз айтсаң да. Естеліктер өте жақсы қалды.

Нұрғиса Тілендиевтің мұрасы – қазақ халқының рухани қазынасы. Бүгінде «Отырар сазы» оркестрі ұлы тұлғаның есімінде. Оның күйлері мен әндері халықтың жүрегінде мәңгі сақталады.

Сабина Жолдаспаева