Облыс әкімі Асайын Байханов Польша Республикасының елшісі Михал Лабендамен кездесу өткізді. Жүздесу толықтай мемлекеттік тілде өтті. Себебі, дипломат қазақ тілін жетік меңгерген. Аймақ басшысы Асайын Байханов өңірдің индустриялық әлеуеті туралы айтты. Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу барысында өңір басшысы Павлодар облысында әр түрлі этнос өкілдері өмір сүріп жатқандығы, олардың тілі мен салт-дәстүрінің сақталуына мемлекет таратыпан барлық жағдай жасалып жатқандығын жеткізді. Аймақтағы ең белсенді этномәдени бірлестіктердің бірі «Полония» қоғамының құрылғанына биыл 30 жыл толады.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында поляк тарапының қатысуымен төрт бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Кездесуде білім беру, академиялық ұтқырлық аясында студенттер мен оқытушылар үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Аймақ басшысы біздің өңірге деген қызығушылығы үшін алғысын білдіріп, бірлескен жобаларды іске асыру үшін ынтымақтастыққа дайын екендігін жеткізді. Кездесу соңында Асайын Байханов елшіге ұлы ақын және философ Мәшһүр Жүсіптің 165 жылдығына орай шыққан көп томдық шығармалар жинағын сыйға тартты.
Жанасыл Серікбол