Павлодарда саяжай маусымы басталды. Жаз уақытында онда саяжай иелері ғана емес, қаңғыбастар мен маскүнемдердің де тұрақтауы әдетке айналған. Бұның алдын алу мақсатында қауіпсіздік күшейтілді.

 Саяжайлардағы қауіпсіздікті сақтауға негізінен атты полиция жұмылдырылған. Басты қауіп үйсіз- күйсіз жандардан. Олар саяжайды тұрақты мекені етіп қана қоймай, бос қалған аумақтарды тонап та кетеді.

Саяжайды қарауылдау үшін 15 қызметтік ат жұмылдырылған. Қылқұйрықтыларды полиция қызметкерлері өздері қарап, өздері баптайды.

 Сондықтан, бұл батальонның құрамы да ееркше сұрыптау арқылы жасақталған. Сәйгүлікпен тіл табыса алмайтын қызметкерлерге бұнда орын жоқ.

Ат ер қанаты деп ұққан жігіттер үшін сәйгүлікпен жүріп қауіпсіздікті күзету әрі мақтаныш, әрі абырой. Осы аумақта болатын барлық бұзушылықтардың алдын алу басты міндет. Саяжай маусымы аяқталғанға дейін жұмыс үздіксіз жалғасады.

Жанасыл Серікбол