Биыл өз заманының қайталанбас тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің туғанына 110 жыл. Бүгін ғұламаның есімімен аталатын мектепте ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында қайраткерге арналған ескерткіш тақта қойылып, арнайы музей ашылды. Толығырақ – келесі сюжетте.

Жұмабек Тәшенев – ел тарихында Қазақстанның аумақтық тұтастығын қорғаудағы батылдығымен есте қалған қайсар тұлға. Қоғам қайраткерінің рухына арналған конференцияға зиялы қауым, профессорлар, педагогтар бас қосты. Жиын пленарлық және тәжірибелік бөлімдерге бөлініп, түрлі тақырыптарда баяндамалар оқылды. Спикерлер тау тұлғаның еліміздің саяси-экономикалық, мәдениет саласына қосқан үлесін айтты.

Гүлмира Мантықова, Жұмабек Тәшенов атындағы ЖОББ мектебінің директоры

Жұмабек Тәшеневтың мерей тойын наурыз айында тойладық. Мен Астана қаласындағы 10 мектепке бардым, қарағанды қаласына бардым. Енді кезек бізге келді. Бүгін біздің мектепте ғылыми практикалық конференция өтіп жатыр. Бұл конференцияға бүкіл Қазақстанның ұстаздары қатысып жатыр.

Іс-шараның мақсаты – Жұмабек Тәшеневтің ел алдындағы ерен еңбегін ұрпақ жадында жаңғыртып, азаматтық ұстанымын халықаралық деңгейде дәріптеу. Жиынға арнайы шақыртумен қайраткердің жақын туыстары мен туғандары да жиналды.

Фатима Тәшенева, Жұмабек Тәшеновтің келіні

Білесіздер ме бүгін қуанышым шексіз. Себебі осы мектептің босағасын аттап кіргенімде әкемді тірідей көргендей болдым. Көзіме жас келді. Себебі біз атамызды тек өзіміздің атамыз ғана деп санамаймыз,біз атамызды халықтың атасы деп санаймыз.

Конференцияға Тәшеневтің туған жері – Ақмола облысының Аршалы ауданынан келген қонақтар да қатысты. Солардың бірі – қайраткердің жерлесі Ғабдулғайып Рыспаев.

Ғабдулғайып Рыспаев, Ақмола облысының тұрғыны

Содан өсе келе өзімде қызмет еттім ауданда, сонда бәріміз үлесімізді қосып Жұмабек Тәшеневтің атын біздің Аршалы орта көшесін ауыстырып бердік. Ленин көшесі қазіргі таңда Тәшенев көшесі.

Халықтың қамын ойлаған, ел мүддесін бәрінен биік қойған қайраткер есімі ел есінде мәңгілік қалары сөзсіз. Оның ерлігі – бүгінгі ұрпақ үшін өнеге.

Дильназ Куанышбекова