Павлодар қалалық номері бірінші ауруханасының босану бөлімі жұмысын жалғастырады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы ұжыммен кездесу өткізді. Онда босану бөліміне қатысты қалыптасқан жағдай түсіндіріліп, мәселелері талқыланды.

Өңірдегі ең көне босану бөлімдерінің бірі орналасқан ғимарат күрделі жөндеуді және ауқымды жаңғыртуды қажет етеді. Техникалық сараптама қорытындысы мен мекемедегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай да бұны растап отыр. Жөндеу жобасын іске асыру үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қаралатын болады. Бұл ең алдымен медициналық көмектің сапасын арттыруға, болашақ аналар мен сәбилердің, сондай-ақ, босану бөлімі қызметкерлерінің қауіпсіздігіне, және қолайлы жағдай жасауына мүмкіндік береді. Енді №1 аурухана басшылығы стационар жұмысына кешенді талдау жүргізетін болады. Бөлімшелерге түсетін жүктеме, төсек-орын қоры және медициналық персоналға түсетін салмақ, бәрі есептеледі. Талдау нәтижесі бойынша — төсек-орын қорын нақты қажеттілікке сәйкес оңтайландыру және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін сақтау мәселесін қарастыру тапсырылды. Қазіргі уақытта бірінші аурухананың осану бөлмінде 65 адам жұмыс істейді. Өткен жылы онда 2045 әйел босанған.

Жанасыл Серікбол