Өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындары жыл сайын қоршаған ортаға 700 мың тоннаға жуық зиянды заттар шығарады. Бұл жағымсыз үрдісті бақылау үшін ластаудың ең үлкен көздеріне автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілуде. Ол нақты уақыт режимінде шығарындылар деңгейін бақылауға және асып кеткен жағдайда жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.

Қоршаған ортаны ластаудың ең ірі көздері жылу электр станциялары, қара металлургия, мұнай өңдеу, сондай-ақ тау-кен металлургия өнеркәсібі. Сонымен қатар, түсті металлургия кәсіпорындарының үлесі де жоғары. Зиянды қалдықтардың 17 пайызы осы саланың еншісінде. «Қазақстан электролиз зауыты» 2023 жылы өз кәсіпорнында қоршаған ортаға шығатын залалды бақылауға арналған автоматтандырылған жүйесін енгізді.

Ардақ Оқапов, «Қазақстан электролиз зауыты» газ тазалау учаскесінің басшысы

Бізде төрт газ тазалау қондырғысы бар. Олардың барлығы зиянды заттарды бақылау жүйесімен жабдықталған. Барлығы бірдей және қалыпты режимде жұмыс істейді. Алюминий өндіру кезінде пайда болатын зиянды заттардың барлығы бақыланады және мониторларда көрсетіледі.

Автоматты мониторинг жүйесі тек деректерді жинаумен ғана шектелмейді. Нақты уақыт режимінде жылдам сараптама жүргізуге қабілетті. Шығарындылар рұқсат етілген деңгейден асып кету сияқты бұзушылықтар анықталған жағдайда, жүйе жауапты қызметтер мен мамандарға дереу хабарлама жібереді. Тиісінше бұл - мәселені жою үшін жылдам шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әрекет ету жылдамдығын айтарлықтай арттырады және қоршаған ортаға ықтимал теріс салдардың алдын алады.

Сабина Мұхаметқалым, экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы

Павлодар облысында бұл жүйені орнатуға міндетті 15 кәсіпорын бар. Оның 11-інде қосылған. Төртеуі бұл бағытта жұмыс істеуде. Бұлар «Energy Solutions», Екібастұздағы ГРЭС-1. Сондай-ақ «Павлодарводоканал» және «KSP Steel» кәсіпорындары.

Өнеркәсіпшілер мен монополистер бұл жүйеніні келесі жылдан бастап толықтай енгізуге уәде беріп отыр.

Жанасыл Серікбол