Павлодар ыстық судан ажыратылды. Бұған жылу маусымынан кейінгі жөндеу жұмыстары себеп. Коммуналдық қызмет биыл желілерде сынақ жүргізуге ерте қамданған. Қазір жүргізілген сынақтан 32 зақым анықталды. Бұл туралы бүгін брифингте жауапты ведомства басшысы Ержан Иманзайыпов айтты.

Павлодар қаласында 1299 көпқабатты тұрғын үй бар. Қазір барлық үйде ыстық су жоқ. Өркениеттің дамыған заманында қала тұрғындары жуыну үшін суды жылытатын құралы болмаса шәйнек қайнатып жүр. Мамандардың айтуынша қаладағы инженерлік желілердің 90 пайызы тозған. Қазір ақау шыққан жерлер жамалып жатыр.

№3-ші жылу беру орталығы шаһардың оңтүстік бөлігін ыстық сумен қамтиды. Ал Солтүстік аумағына №1,3 орталығы жауапты. Жауапты басқарма басшысының айтуынша температуралық және гидравликалық сынақ бір-ақ рет жүргізіледі. Яғни, екінші кезеңі болмайды. Жаз бойы қала тұрғындары ыстық судан ажыратылмайды деп сендірді спикер. 28 сәуірден бастап қалаға ыстық су таратылады. Бұдан бөлек қыс қамын жазда ойла демекші, келер жылу маусымына дайындық басталды. Облыстың энергия көздерінде 46 негізгі жабдықты жөндеу жоспарланған. 2 мың шақырым желі және 712 бірлік жабдықты жаңарту жоспары тағы бар. Сондай-ақ қуат сымдарын жаңалату жоспарланған. 8 жобаның 3 уі Баянауылда іске асырылмақ. Себебі бұл ауданда сәл жел соқса аудан жарықсыз қалады.

Бастама биыл екінші жарты жылда қолға алынбақ. Айта кетейік энергетикалық және коммуналдық саланы жаңғырту үшін - 1,8 млрд.теңге бөлінді.

Әйгерім Тоқпанқызы