Облыстық кітапхананың «Айна» галереясында Екібастұз қаласының 7 жастағы балдырғандар сурет көрмесін таныстырды. Таңдаған тақырыбы терең, әрі мағыналы. Қоршаған ортаны көз тартар бейнесін кескінмен жеткізген оқушылар әлемдік сайыс жүлдегерлері екен.
«АртБюро» бейнелеу өнері мектебінің «Кескіндеме геометриясы» көрмесіне 23 автордың 26 жұмысы қойылды. Әр суретші қоршаған әлемді өзінше бейнелеген. Бірі фотореализмді ұсынса, енді бірі импрессионизмді, пуантилизмді бейнелеген. Кескіндеме геометриясы ерекше.
Ирина Демьяненко, «Артбюро» бейнелеу өнері мектебінің басшысы
Суреттегі беткі жазықтықтардың бәрі тегістелмеген, әр қыры — нақты, айқын көрсетілген. Оқушы бұл жұмыс арқылы өзінің отбасын бейнеледі. Яғни, бұл — суретшінің ата-анасы. Ал көрмедегі басқа суреттердің бәрі шынайы өмірде бар, барлығы — нақты дүние.
Бейнелеу өнері мектебінің ашылғанына биыл 19 жыл толды. Осы уақыт аралығында аталмыш оқу орнының шәкірттері Жапония, Франция, Болгария, Ресей, Польша, Румыния, Беларусь, Иран, Сербия елдерінде өткен халықаралық байқауларда еліміздің намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындарды иеленді.
Таисия Григорьева, қатысушы
Мен бейнелеу өнері мектебіне 6 жасымнан бері қатысып келемін. Бұл көрмеге «Кеш» атты еңбегімді әкелдім. Маған бұл тақырып ерекше ұнады. Өзім көңілді жүруді ұнататындықтан, осы көңіл күйді қағаз бетінде бейнелеуді жөн көрдім.Бұл суретті екі ай салдым. Бейнені нақты жеткізу үшін ашық түстерді қолдандым. Әр кейіпкерді геометриялық пішіндерге бөлдім.
Шара соңында оқушылар көрермендер алдында өнер мектебінің бейнесін қағаз бетіне түсірді. Осы арқылы олар «Балалар көзімен мектеп» атты импровизациялық туындыны ұсынды.
Байтұрсын Жұмабай