Астанада ІІ орталық азия медиа форумы өз жұмысын бастады. Екі күнге жалғасатын Медиа Форум барысында панельдік сессияларда қатысушылар Орталық Азия елдері арасындағы медиа ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін, жаһандық медиа саласының даму жолдарын, болашақтың ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мәселелерін, сондай-ақ жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуіріндегі медиа саласының трансформациясын және әлеуметтік желілердің ел имиджін қалыптастырудағы рөлін кеңінен талқылайды. Осылайша әлемдік медианың белді өкілдері бүгін Астанада басқосты. Аталмыш форумға саясаткерлер, журналистер, медиакомпаниялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары, сондай-ақ танымал ақпарат құралдарының сарапшылары қатысып отыр.