Баянауыл ауданында тұратын қарт майдангер Қайыр Хасенов жақында 100 жасқа толады. Ол Баянауыл ауданында соғысқа қатысқан соңғы солдат. Қазір Павлодар облысында көзі тірі 8 ардагер ғана қалды. Күркіреген күндерден аман қалып, жеңіс туын желбіреткен қаһарман атаның үйінде тілшіміз болды.

Гвардия подполковнигі бізді орнынан тұрып қарсы алды. Жан алысып, жан беріскен отты жылдардың жаңғырығы қарт жауынгердің жадынан өше қоймапты. Ажалмен бетпе –бет келген, азапты шақтарды еске алды.

Қайыр Хасенұлы, соғыс ардагері

Артелерист болдым, Голубица 259 номері голубицаның. Үлкен орудие. Біз соғыспаймыз, ешкіммен соғыспаймыз. Соғыс ашқандарды жанын шығарамыз, бәт-шытын шығарамыз.

Бұл 18 жасында сызды окопта жатып, қарша бораған қорғасын оқтан қаймықпаған майдангердің естелігі. Қайыр Қасенұлы соғысқа 43 жылы аттанған. 204 ші Украина дивизиясы құрамында Забайкалье майданына қатысып, соғысты 45 жылы Жапонияда аяқтайды. Бір жылдан соң туған елі Қашыр ауданының Жасқайрат ауылына оралып, мұғалім болады. Ақсақал адал еңбекпен нан тапқанын мақтаныш етеді.

Анар Хасенова, ардагердің келіні

Қандай іске болсын жауапкершілікпен қарайды. Балаларды өте жақсы көреді. Балаларды білімге тартады. Міндетті түрде жоғары білім алу керек балалары. Жазғы уақытта балалардың бәрін жинап алып келеді.Алматыдағы балалар барлығы осы үйде өсті.

100 ге толған ақсақалдың мерейтойы мен Жеңістің 80 жылдығын бүкіл Баянауыл жұрт атап өтпек. Жақында Даңқ ескерткіші жөнделді.

Теміржан Солтанұлы, Баянауыл ауданының тұрғыны

900-ден астам ардагер болды. Ол 45 жылдығы тойланғанда. Одан кейін міне 35 жыл өтіп отыр. Қазір ауданда жалғыз Қайыр Хасенұлы ағамыз ғана қалды. Жастарға, бәрімізге үлгі болатын үлкен өмір сүрді. Соңынан ерген балалары бар. Жалпы ауданда ол кісінің беделі биік.

Сұрапыл соғыстың куәгері ел бірлігінен артық ештеңе жоқ, бейбітшілікті сақтаңдар дегенді тағы да еске салды.

Жанасыл Серікбол