Ертіс ауданында бөлім басшысы әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған баспананы мемлекеттік қызметкерге берген. Нәтижесінде әдеп жөніндегі кеңесте қызметке толық еместігі туралы ескерту тағайындау ұсынылды. Толығырақ тілшіміз айтсын.

Ертіс ауданының мемлекеттік тұрғын үй қорында 312 баспана болса, 33 адам баспана алуға кезекте тұр. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша ауданда «Нұрлы жер» аясында әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 24 пәтерлі 3 үй және екі қабатты үйлер салынды. Бұл бағытта анализ жүргізу кезінді біраз заңсыздықтар анықталған. Яғни Ертіс ауданы нақты сектор бөлімінің басшысы заңсыз, тиісті комиссиясыз баспана тағайындаған.

Қанат Омаров, Ертіс ауданы прокуратурасының прокуроры

Баспаналарды әлеуметтік осал топқа жатпайтын азаматтарға заңсыз тағайындау фактілері анықталды. Мәселен Ертіс ауылының Мүткенов көшесі 32 үй, 10 пәтерінде заңсыз аудан әкімінің орынбасары тұрған. Баспана мемлекеттік қызметкерге тиісті комиссиясыз берілген.

Бөлім басшысы өз кезегінде адамгершілікке салынып, заңсыздыққа баруға мәжбүр болғанын мойындады. Себебі аудан әкімінің орынбасары пәтерінде жөндеу жұмыстары жүріп, тұратын жері болмаған.

Қайролла Елеукенов, Ертіс ауданы нақты сектор бөлімінің басшысы

Бірінші сұрақ бойынша аудан әкімінің орынбасарына баспана беру бойынша айтсам. Аталмыш пәтер әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жетім балаларға бастапқыда берілген, келісімшарт та бар. Бірақ олар ол үйде бірнеше жыл бойы тұрмаған. Коммуналдық төлемдер төленбеген. Ауданда бос үй болмағандықтан, уақытша аудан әкімінің орынбасарына беруді жөн санадым, кілтті өз қолыммен бердім.

Қобыланбек Қожин, әдеп жөніндегі кеңестің комиссия мүшесі

Ауданға ротацияланған мемлекеттік қызметкер басқа баспанаға көшкенше, уақытша 1 ай көлемінде аталмыш үйде тұрғандықтан мен бөлім басшысына қызметке толық сай еместігі туралы ескерту беруді ұсынамын.

Осылайша бөлім басшысына қызметке толық сай еместігі туралы ескерту тағайындау ұсынылды. Бірақ бұл мемлекеттік қызметте заңсыздыққа жол беріледі дегенді білдірмейді деді, комиссия мүшелері.

Самал Қалиқызы