Көктем келісімен кенелер ояна бастайды. Өңірде кене энцефалиті тіркелген жоқ дейді мамандар. Кене шаққанда не істеу керек? Қауіпті белгілері қандай? Толығырақ келесі сюжетте.

Кенелердің белсенділігі көктемнің басынан, яғни сәуір айынан басталады. Бірақ мамандар біздегі жағдай басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы дейді. Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары кене арқылы жұғатын энцефалит секілді аурулар жиі кездесетін өңірлер.

Зәмзәгүл Дощанова, Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Егер кене шаққаннан кейін біраз уақыт өткен соң дене қызуы көтерілсе, бөртпе пайда болып, жүрек айнып, бас айналса – бірден дәрігерге жүгіну қажет. Сол жерде кене алынып, зертханаға жіберіледі. Кене энцефалиті зерттеледі. 2 апта өткен соң медициналық мекемеге барып, қан тапсыру қажет. Сол кезде зертхана арқылы аурудың бар-жоғы нақтыланады.

Өткен жылы Павлодар облысында кене энцефалитінің бір жағдайы тіркелген. Одан бөлек бір адамнан Лайма ауруы анықталған. Бұл екеуі де сырттан келген жағдайлар. Яғни, тұрғындар өзге елде, аймақта кене шаққаннан кейін ауырған.

Зәмзәгүл Дощанова, Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

Павлодар қаласының тұрғыны Шығыс Қазақстан облысына барған кезінде кене шаққан. Бұл өңір – кене энцефалиті жиі кездесетін аймақ. Ауру зертханада расталып, науқас стационарға жатқызылып емделді. Қазір толықтай сауығып шықты.Тағы бір жағдай – Лайма ауруы. Павлодар облысының тұрғынын Ресей Федерациясында кене шаққан. Ол да ауруханаға жатқызылып, қажетті емін алып, кейін жазылып шықты.Кенелерден сақтанудың ең басты жолы – алдын ала профилактикалық шараларды жүргізу.

Биыл эпидемиологиялық маусым басталғалы Павлодар облысында 29 адамды кене шаққан. Бірақ, мамандардың айтуынша, бірде-бір адамнан энцефалит немесе Лайма ауруы анықталған жоқ.

Сабина Жолдаспаева