Облыс аумағында заң талаптарын елемеу фактілері азаймай тұр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары жол ережесін бұзу және еңбек заңнамасын сақтамау деректерін тіркеді. Құқық бұзушылылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында 47 мыңға жуық жол ережесін бұзу фактісі тіркелген. Құқық бұзушылардың барлығы заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында тәртіп сақшылары үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қоғамдағы тәртіп тек жолда емес, еңбек саласында да сақталуы тиіс. Жуырда Аққулы ауданының Шарбақты ауылында полицейлер заңсыз жұмыс істеген шетелдіктерді анықтады. Алты шетел азаматы ауыл мектебінің құрылысында рұқсатсыз еңбек еткен. Бұл жайт бойынша әкімшілік іс қозғалып, іс сотқа жіберілді. Ал шетелдіктерді заңсыз жұмысқа қабылдаған жұмыс берушіге шамамен 200 мың теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, 241 көші-қон заңнамасын бұзу фактісі тіркелген. Соның ішінде 14 жағдай — шетелдік жұмыс күшін заңсыз тарту бойынша.
Сабина Жолдаспаева