Павлодар облысында ағза ауыстыруды қажет ететін адамдар саны артып келеді. Бүгінде өңірде 216 адам ресми түрде кезекте тұр. Олардың басым бөлігі - бүйрек трансплантациясын күтуде. Ең алаңдатарлығы, бұл тізімде үш бала бар.

Бұл мәселе өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте көтерілді. Мамандардың айтуынша, жыл сайын трансплантация кезегінде тұрған науқастардың саны көбейіп келеді. Бүгінде донорлық белсенділік өте төмен - бар болғаны 0,2%-ды құрайды.

Дмитрий Потеребух, Павлодар облысы бойынша трансплантация жөніндегі үйлестіруші

2024 жылы өңір бойынша тек 13 адам әлеуетті донор ретінде қаралды. Бірақ олардың тек үшеуінің туыстары келісім берді. Соның өзінде екеуінің ағзасынан инфекция анықталып, олар жарамсыз болып шықты. Қазақстанда ағзада инфекция болса, оны басқа адамға салуға рұқсат жоқ. Қазір бұл талапты қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр. Яғни, инфекциялы донор ағзасын дәл сондай диагнозы бар науқасқа салу мүмкіндігі қарастырылуда. Себебі донор өте аз.

 Жүйеде тағы бір кедергі бар. Егер адам өз еркімен донор болуға келісім беріп, жақын туыстары қарсы болса, трансплантация жасалмайды. Заң бойынша туыстарының пікірі шешуші рөл атқарады. Бұл көп жағдайда донор болуға ниетті адамдардың ағзасы қолданылмай қалуының басты себебі.

 Дмитрий Потеребух, Павлодар облысы бойынша

трансплантация жөніндегі үйлестіруші

Ағзаның салмағы мен көлемі де маңызды. Мысалы, 100 келі салмақтағы донордың ағзасы әлбетте тек үлкен адамға ғана жарайды. Ал 45-50 келі адамнан алынған бүйрек кішкентай болғандықтан, балаға да лайық келуі мүмкін. Сондықтан донор болу – бұл өте күрделі процесс. Қан тобы, бой, салмақ – бәрі есепке алынады. Кейде туыстары рұқсат бергенімен, ағза жарамай қалуы мүмкін. Инфекция болса – мүлде болмайды.

Донор болу – бұл жай ғана медициналық шешім емес, бұл – өмір сыйлау. Дегенмен, қоғамда донорлыққа қатысты пікір әртүрлі.

 Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 4 мыңнан астам адам ағза күтіп отыр. Алайда, жасалатын трансплантация операциялары тым аз. Сарапшылар мұның себебін заңнамалық шектеулермен қатар, халықтың сенімсіздігінің кең таралуынан көреді.

Сабина Жолдаспаева