Кенжекөл ауылында облыс мектептері арасында дәстүрлі «Қазақ даласы» әскери-спорттық жарыс өтті. Шараға 10 мектептен, 40-тан астам оқушы қатысты. Олар түрлі техникалық және тактикалық ойындарда бақ сынасты. Сайыс Кенжекөл орта мектебінің алаңында ұйымдастырылды.
Мұндай жарыстар оқушылардың физикалық дайындығын арттырады. Бұған қоса, жыл бойы спортпен айналысуға ынталандырады екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша,әскери ойындар – тек жарыс емес, тәрбие мен жауапкершіліктің мектебі. Сол себепті, осындай шаралар оқушы бойында тәртіп пен төзімділікті қалыптастырады.
Төлеген Қоқымбаев, Павлодар қаласы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» ҚҚ төрағасының орынбасары
соғысының ардагерлері Павлодар облысы ақпарат басқармасы қолдауымен әскери дайындық ойын сауық ойындарын өткізейін деп жатыр. Бұл енді жылда өткізілетін шара. Жастарға енді тілейтініміз спортпен шұғылдансын. Ол жастарға, балаларға стимул береді. Спортпен шұғылдану әрине жақсы нәрсе. Бұл шара Отан соғысының 80 орай орын алып отыр.
Сайыс екі кезеңде өтті. Алғашқыда оқушылар турникке тартылып жарысты. Екінші кезеңде қатысушылар кедергілерден өтті. Жүгіріп, ордан секіріп, граната лақтырып бақ сынады. Сондай-ақ, ағаш баспалдақтан жүгіріп өтіп, ептілік пен жылдамдықтарын көрсетті.
Әмір Манатов, қатысушы
Мұндай жарысқа бірінші рет қатысып тұрмын. Бірақ биыл жалпы әскери ойындарға төрт-бес рет қатыстым. Қарсыластарым мықты болды. Жарыс жақсы өтіп жатыр. Ұзақ уақыттан бері жүгірмеген соң, бастапқыда сәл қиын болды. Өзім бұрын футболмен айналысқанмын, қазір де баскетбол ойнаймын.
Жарыс соңында жеңімпаздар мақтау қағаздары мен медальдармен марапатталды. Айта кетейік бұл шара жасөспірімдердің бойында тәртіп, батылдық, ұйымшылдық қасиеттерін қалыптастыруға сеп болады.
Сабина Жолдаспаева