Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл ел бойынша 13 бала терезеден құлаған. Қазір күн жылынып, терезелер ашық тұрады. Мұндай жағдайларға көбіне балалардың қараусыз қалдырып, қауіпсіздік сақталмауы себеп болады дейді тәртіп сақшылары.

7 жасқа дейінгі балалар терезенің қаншалықты қауіпті екенін түсіне бермейді. Тіркелген оқиғалардың салдарынан бір бала қаза тауып, 12 бала түрлі жарақат алды.

Рүстем Жүсіпбеков, ІІМ әкімшілік полиция комитеті ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы

Мұның басты себебі – ата-аналардың балаларды бақылаусыз, қараусыз қалдыруы және олардың ашық терезелерге жақын болуы. Ашық терезелер мен сенімсіз москит торларының қаупін бағалай алмайтын, яғни 7 жасқа дейінгі балалар бұл қауіпке ұшырауы мүмкін. Балалар біздің болашағымыз және ең үлкен құндылық. Олардың қауіпіздігі бізге байланысты. Жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында ата-аналарға қарапайым ережелерді ұстануды ұсынамыз. Баланы ешқашан терезелері ашық бөлмеде қараусыз қалдырмаңыз, тиісті қорғаныссыз москит торларын пайдаланбаңыз, бала терезені өздігінен аша алмайтындай етіп терезелерге блокаторларды орнатыңыз, баланың терезеге көтерілуіне жол бермеу үшін жиһаздың барлық түрлерін терезелерден алыстатыңыз, терезе торларын орнатыңыз.

Ішкі істер министрлігі балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде екенін ескертеді.

Сабина Жолдаспаева