Облыста жолдарды жөндеу мен жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірдегі жолдардың жалпы ұзындығы 5 515 шақырымды құрайды. Оның ішінде 3 852 шақырымы – жергілікті жол. Биыл жоспарға сәйкес жолдың 96 пайызы жақсарады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

Биыл ұзындығы 407 шақырым болатын 111 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Атап айтқанда, 78 км облыстық, 135 шақырым аудандық және кіреберіс жолдар жөнделеді. Шалғай ауылдардың жолдары жаңарады.

Нариман Омар, Павлодар облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, үш жыл ішінде елді мекендерге кіреберіс барлық жолды жөндеу жоспарланған. Биыл 32 жолды жөндеу көзделіп отыр. Бұл – 25 жоба. Ал 2026 жылы қалған 31 жол жөнделеді. Осылайша 2026 жылдың соңына дейін барлық кіреберіс жол жаңарады. Елді мекендердегі көшелерді жөндеу бойынша 72 жоба іске асады. Бұл шамамен 193 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін облыста қажетті инфрақұрылым бар. Атап айтқанда, 23 асфальт-бетон зауыты, 13 қиыршық тас шығаратын және 1 битум өндіретін зауыт жұмыс істеп тұр.

Келер жылы «Аққу – Қазы – Майқарағай» және «Железинка – Веселая Роща – Мыңкөл» бағытындағы жолдар толықтай жөндеуден өтеді. Амангелді ауылына кіреберіс жолды жаңарту жұмысы да аяқталуға жақын. Павлодар – Атамекен бағытындағы жаңа көпірдің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл бұл көпірге 22 миллиард теңге бөлінді. Жалпы жоба құны – 71,6 миллиард теңгені құрайды.

Алмат Шойынбаев, «Қазавтожол» АҚ ПОФ директорының орынбасары

Жаңа көпір іске қосылғаннан кейін ескі көпірді бұзу жұмыстары басталады. Асфальт-бетон жобасына қатысты нормативке сәйкес, кепілдік мерзімі болады. Сол мерзім аяқталған соң, ескі көпірді бұзу жоспарланып отыр. Бүгінде жаңа көпір құрылысы жақсы қарқынмен жүріп жатыр. Бірінші және алтыншы тірек тұрғызылды. Төртінші және бесінші тіректер де көтерілді. Ескі көпірді бұзу жұмыстары 14 айға созылады. Сол себепті жаңа көпірді 2028 жылы қолданысқа беру жоспарланған. Жаңа көпір ашылған соң, ескі көпірді бұзу басталады.

Биыл кіреберіс жолдарға ерекше көңіл бөлінді. 32 жолға күрделі жөндеу жасалады. Жоспарға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін жергілікті жолдардың 96 пайызы жақсарады.

Сабина Жолдаспаева