Екібастұзда жол жөндеу жұмыстарын белгіленген мерзімнен ертерек аяқтау жоспарлануда. Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұздағы жол жөндеу жұмыстары барысымен танысты. Облыс әкімі тағы қандай нысандарға барып, жұмысымен танысты? Тілші сюжетінде.
Екібастұз қаласы әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, асфальт төсеу жұмыстары 30 наурызда басталып, 15 маусымға дейін аяқтау жоспарланған. Бұл мақсатта 900 млн теңгеге конкурс жарияланып, оның нәтижесі бойынша екі тәжірибелі мердігер ұйым жеңімпаз атанды.
АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Биылғы жоспарға сәйкес ағымдағы жөндеу жұмыстары шамамен 160 мың шаршы метрді қамтиды. Келісімшарт сомасы 500 миллион теңгеден асады. Үнемделген қаражатты қажеттіліктерге қарай қосымша жұмыстарға бағыттаймыз. Екі мердігер ұйым қалада бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өткен жылы олар шамамен 200 мың шаршы метр жолды жөндеуден өткізді.
Қазір мамандар үнемделген қаражатты тиімді пайдалану үшін есептеулер жүргізіп жатыр. Жалпы 20-25 кварталішілік аумақты қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың кіреберіс жолдары ретке келтірілмек. Осы мақсатқа 133 миллион теңге бөлінді.
АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Былтыр 25 ғимараттың аумағы жөнделді. Олардың ішінде 24 білім беру нысаны және бір перзентхана бар. Биыл тағы 12 мектеп пен 12 балабақшаның аумағы жаңа кейіпке енеді. Осылайша, бұл мәселе толығымен шешіледі. АЛ, солтүстік шағын ауданында ұзақ жылдар бойы кәріз жүйесі болған жоқ. Жер қазу жұмыстары жүргізілген соң жол жабындысын қалпына келтіру үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлінді. Биыл біз қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргіземіз, ал келесі жылы асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Барлық жобалар реттелген, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестелері бекітілген.
Ендігі кезекте Оңтүстік шағын ауданы мен Воргород ықшам ауданында жолдарды қалыпқа келтіру жұмыстары тұр. Сонымен қатар, Нахаловка ықшам ауданының бір бөлігінде әлі де кәріз жүйесі жоқ. Онда 14 көше бар, шамамен үш мың адам тұрады.
Желілердің тозуы 1,5 пайызға азайған
Одан бөлек, кеншілер шаһарында жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 1,5 пайызға төмендеген. Өңір басшысы Асайын Байханов қаланың келесі жылу маусымына дайындық барысымен де танысты. Шаһарда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп, 13 сәуірде аяқталды. Қала әкімі Аян Бейсекин технологиялық бұзушылықтар саны 93,6 пайызға азайғанын айтты.
АЯН БЕЙСЕКИН, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
2022-23 жылдары 190 технологиялық бұзушылық, 2023-24-те – 37, 2024-25-те 12 технологиялық бұзушылық болды. Қайта құру, күрделі және ағымдағы жөндеу шеңберінде 80 шақырымнан астам жылумен жабдықтау желілері жаңартылды, осылайша жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 1,5 пайызға төмендеді. Жылыту маусымы аяқталғанға дейін температуралық және гидравликалық сынақтарды өткізу кестелері қалыптастырылды. 14 сәуірде температуралық сынақтар өтті. 17-20 сәуір аралығында – төрт кезеңдегі гидравликалық сынақтар өтіп, 179 зақым анықталды. Бүгінгі таңда желілердегі зақымдарды жоюмен айналысатын 25 авариялық бригада жасақталған. Нақты мерзімдермен төрт кезеңде зақымдануды жою кестесі құрылған.
Осылайша, 30 мамырға дейін 518 көппәтерлі тұрғын үй және 64 әлеуметтік нысанға ыстық су беруді жоспарланып отыр. Қалада шамамен 700 тұрғын үй бар. Сонымен қатар, үкімет пен облыстық бюджеттің қолдауының арқасында №3 түтін құбырының жеті қазандық агрегатын және жалпы станциялық жабдықты 11 миллиард теңгеге күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Аймақ басшысы барлық жұмыстарды сапалы және мерзімінде орындауды тапсырды.
Самал Қалиқызы