Павлодар ауданында биыл жоспарлы егіс алқабы 118 260 гектар. Қазір шаруалар жер жырту, ылғал жабу сияқты өзге де тұқым себу алдындағы жұмыстарды қызу жүргізуде. Кей қожалықтар картоп егуді бастап кеткен.

Бұл – Павлодар ауданы Жаңақала ауылы маңындағы «Агросоюз» шаруа қожалығының алқабы. Фермерлік негізінен картоп, сәбіз, қызылша бағытына бейім. Биыл суармалы алқап көлемін ұлғайтуды жоспарлап, бұған арналған жаңа техникалар жеткізген. Әрине, мемлекеттік қаржылық қолдау шараларының арқасында сатып алу жеңіл болды.

АЛЕКСАНДР СТАРОДУБЦЕВ, «АГРОСОЮЗ» ШҚ МЕҢГЕРУШІСІ

Мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында биыл төрт бірдей тамшылап суару машинасына иелік еттік. Арзандатылған дизель отынына да, тыңайтқыштарға қолымыз жетті. Қожалық көкеніс егу кәсібін бастағанына бірнеше жыл болды. Қазір картоп егуді бастадық. Картоп көметін екі машина жұмыс істеуде. «Гала» сортын егеміз.

Қожалық картопты 570 гектар алқапқа егуді жоспарлап отыр. Одан соң 30 гектар жерге сәбіз, 20 гектарға қызыша тұқымын себеді. Ауа райы жағдайы ерік берсе, бір айдың ішінде көктемгі дала жұмыстарын толықтай аяқтауды жоспарлап отыр. Павлодар ауданында биыл жалпы 120 мың гектарға жуық алқапқа егін және көкеніс тұқымын себу жоспарланған.

Дала жұмыстары алаңсыз жүру үшін қажетті құралдар мен техниканың дайындығы аса маңызды. Бұл тұрғыда аудан біршама қам жасаған.

Павлодарлық шаруалардың тәжірибесі мол. Жердің де ауа райының да жайына қанық. Биыл Павлодар облысы нарық сұранысына сай майлы дақылдар алқабын біршама ұлғайтты. Жалпы жұмысты маусымның біріне дейін аяқтауды көздеп отыр.

Жанасыл Серікбол