Тәртіп сақшылары "Жасөспірім" жедел-профилактикалық шарасы барысында 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық әшкереледі. Рейд барысында дүкендер мен қоғамдық тамақтану орындарын тексерді. Заң бұзған кәсіп иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Павлодар ауданы Набережное ауылындағы дүкендердің бірінде заң бұзушылық фактісі тіркелді. Тексеру барысында сатушы 21 жасқа толмаған азаматқа құрамында этил спирті бар екі бөтелке алкогольдік сусын сатқан. Аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалып, сатушы жауапкершілікке тартылды. Шараға полицейлермен қатар, білім беру ұйымдарының өкілдері де белсенді қатысты. Мамандар бірлесіп есепте тұрған отбасыларға, компьютерлік клубтар, диско-барға барды.
Нұрлан Бейдекенов, оңтүстік полиция бөлімінің учаскелік инспекторы
Оңтүстік полиция бөлімі инспекторлары мектеп мұғалімдерімен бірлесіп профилактикалық жұмыс жүргізді. Мақсаты — кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу. Жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, заң талаптарын сақтау қажеттігін ескерттік. Мұндай бірлескен шаралар жеткіншектердің тәрбиесіне оң әсер етіп, құқықтық сауаттылықты арттыруға сеп болады.
Еске сала кетсек, бұл шара басталғалы бері полиция қызметкерлері 298 құқықбұзушылық анықтады. Кешкі сағат 23:00-ден кейін көшеде қараусыз жүрген 220 жасөспірім ұсталды. Олардың ата-аналарына әкімшілік хаттама толтырылды. Екі жеткіншек балаларды қолдау орталығына орналастырылды. Ал кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімін сатқан 9 дүкен сатушысы жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 19 жайсыз отбасы арнайы бақылауға алынды. Жасөспірім операциясы 6 мамырға дейін жалғасады.
Әйгерім Тоқпанқызы