Биыл өңірде 172 мың гектар аумақта қансорғыштарға қарсы биологиялық және химиялық өңдеу шаралары жүргізіледі. Бұл былтырмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Қазір мамандар өңдеу жұмыстарына толық дайын. Бүгін облыс басшысы осы маңызды жұмыстардың дайындық деңгейін тексеріп, алдағы міндеттерді айқындап берді. Улау жұмысы қашан басталады және қалай өтеді? Тілші әңгімесінде.
Қансорғыштармен күреске ұшақтар сақадай сай. Сап түзеп, тізіліп тұр. Ертіс өзенінің жағалауы мен жайылымдарда жоспарға сай 10 ұшақ дәрі сеуіп, өңдейді. Бұл шара Павлодар және Ақсу қалалары мен Ертіс, Ақтоғай, Тереңкөл және Павлодар аудандарын қамтиды.
Бұдан кейін улау жұмыстары жаяу және су арқылы жүргізіледі. Қансорғыштар қанаттанбай тұрып олардың дернәсілі жойылуы керек. Бұл үшін биыл 182 мың келі биологиялық, 14 жарым мың келі химиялық дәрі дайындалды. Ертіс өзені әлі толық тасыған жоқ. Биыл жайылманың 80-90 пайызын су басады деп болжанып отыр. Бұған қоса Шүлбі мен Бұқтырма су қоймаларынан су жіберіледі.
Өңірде зиякестермен кешенді күресу үшін 3 жылдық бағдарлама бекітілді. Бұл жоспарға 8,6 млрд теңге бөлінді. Биыл улау жұмыстарына 100-ден аса адам жұмылдырылады екен. Өңдеу жұмыстары ғылыми топтың сүйемелдеуімен Ертіс суы арнасына қайтқан соң басталады.
Әйгерім Тоқпанқызы