Павлодар облысының колледждері мен мектептері арасында әскери-қолданбалы спорт түрінен «Айбын» атты облыстық жарыс өтті. Бұл дода Жеңіс күні мен Отан қорғаушылар күніне арналды. Сайысқа студенттер қатарынан 12, ал оқушылар арасынан 16 команда қатысты.
Жарыс Қабанбай батыр атындағы «Жас Сарбаз» облыстық мектеп-лицей-интернатының аумағында өтті. Балалар түрлі әскери-патриоттық сайыстарға қатысты. Өткен жылы республикалық жарыс Алматыда Құрлық әскері училищесінің базасында өткен. Ал, биыл Ақтөбедегі жергілікті әскери училище базасында өтеді.
Тимур Аленов, Павлодар облысы білім беру басқармасының оқу-тәжірибелік орталығының әскери-патриоттық тәрбие бөлімінің жетекшісі
Былтыр біз жалпы командалық есепте алғашқы бестікке кірдік. Атап айтқанда, тартылу мен оқ ату сайысында екінші орын алдық. Арқан тарту мен робототехникадан жүлделі орынға ие болдық. 2018 жылы біз республикалық «Айбын» жарысында абсолютті чемпион болдық. Балалар әскери эстафетада жақсы өнер көрсетті, жеңіс үшін барын салды.
Подполковник Нұрлан Нұрпейісов үш жыл бұрын Ұлттық ұлан қатарында болды. Бүгінде ақпараттық технологиялар колледжінде жұмыс атқарады. Оның айтуынша, «Айбын» сияқты жарыс жастарды әскери қызметке ынталандырады.
Нұрлан Нұрпейісов, бастапқы әскери-технологиялық дайындық пәнінің ұйымдастырушы педагогы
Балалар әскери өмірді сезіну үшін біз оларды түрлі бөлімшелерге апарамыз. Онда казарманы, күн тәртібін, қару-жарақты және әскери техниканы көрсетеміз. Балаларға бұның бәрі ұнайды.
Колледж студенттері арасындағы жарыста қала бойынша Ақпараттық технологиялар колледжі бірінші орынды иеленді. Аудандар арасындағы сайыста Ақсу қара металлургия колледжі жеңіске жетті.
Иманғали Тоғытбай, Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатының тәрбиеленушісі
Әрине осы жердегі мұғалімдерге алғысымды айтқым келеді. Себебі біздің қаншама абайсызда жасаған қателіктерімізді көріп, бетімізден қақпай, барлығын дұрыстап үйретуге көмектесті. Мен өзім Екібастұз тумасымын. Өзім осы мектепке түскеніме қатты қуанамын. Себебі өзімнің болашағымды әскери маманмен жалғастырғым келеді.
Ал, мектеп оқушылары арасындағы додада қала бойынша Павлодар қаласының командасы жеңіске жетті. Аудандар арасында бірінші орынды Шарбақты ауданының командасы жеңіп алды.
Сабина Жолдаспаева