Павлодарда Қазақстан футболы күніне орай бірінші лига турының үшінші айналымы өтті. Жергілікті «Ертіс» командасы мен «Қайрат-жастар» арасындағы тартысты ойын 1:0 есебімен аяқталды. Бұл жеңіс Ертіс футболшылары үшін маңызды әрі қуанышты сәт болды. Жергілікті команда өз жанкүйерлеріне керемет көңіл-күй сыйлап, мерекені ерекше атап өтті.

Бұл турда «Ертіс» пен Алматының жасөспірімдерден құралған «Қайрат-Жастар» командасының ойыны жоғары деңгейде өтті.Ойынды басынан-ақ «Ертіс» өз бақылауына алып, алғашқы минуттардан ойын барысын өз пайдасына асырып, Павлодарлық шабуылшы Арман Смаилов 2-минутта гол соқты.

Владимр Воменко, «Ертіс» ФК қорғаушысы

Иә, ойын оңай болған жоқ. Біз «Қайрат» командасының кім екенін жақсы білеміз. Олар – елімізде ең үздік академиялардың бірі. Жас айырмашылығына қарамастан, қарсыластарымыз осал емес екендіктерін көрсетті. Оларға қарсы ойнау әрдайым қиын. Бірақ біз үшін бастысы – нәтиже. Әрине, қателіктер кетті. Оны алдағы екі күн ішінде талқылап, қорытынды шығарамыз.

Сондай-ақ, матчта қақтығыстар мен шиеленістер де көп болды. «Ертіс» командасы ойын барысында 4 сары қағаз алды, ал «Қайрат-Жастар» командасы 7 сары қағаз және бір ойыншының алаңнан шеттелді. Турнир кестесінде үш команда көш басына шықты. «Ертіс», «Шахтер» және «Каспий» командалары 9 ұпаймен алда келеді. Алдағы бәсеке қызықты болмақ. 1 мамырда «Ертіс» пен «Шахтер» Қарағандыда маңызды матч өткізеді. 8 мамырда Павлодарда «Ертіс» «AKAS»-пен ойнайды, бұл команда үшін үлкен сынақ болмақ.

Дильназ Куанышбекова