Қос балдақпен жүріп, өзі сияқты тағдыр тәлкегіне түскен жандарды емдеген Байболат Қазбековті өңір жұртшылығы жақсы таниды. Белгілі дәрігер көзі тірі болғанда, биыл 65 жасқа толар еді. Осыған орай Май ауданында оны еске алу шарасы өтті. Толығырақ тілші әңгімелейді.
Байболат Қазбеков 1960 жылы 27 сәуір күні Май ауданының Спутник совхозында дүниеге келген. 1983 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын хирургия саласы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Павлодар қалалық №1-ші ауруханасынан бастайды. Талай күрделі оталарды жасап, адамдарды өлімнен арашалаған дәрігер халықтың алғысына бөленді. Денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды. Ал 2002 жылдан бастап Май аудандық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті. Көлігімен жол апатына ұшырап, жүріп-тұруы қиындаса да, соңғы күндеріне дейін өз ісіне адал болған.
Қадылжан Сәтиев, Май ауданының әкімі
Осындай тарлан тұлғаны еске алып, оның рухына тағзым ету бәріміз үшін парыз. Байболат Қазбекұлының жарқын бейнесі халық жүрегінде мәңгі сақталады. Артында қалған ізгілікті ісі мен ұрпағы оның өлмес мұрасы. Бүгінгі естелік шара соның дәлелі.
Еске алу шарасына туған-туыстары да арнайы қатысты. Олар оны өмірдің қиындығына мойымай, тағдырға берілмей, өзгеге үміт сыйлаған нағыз білікті дәрігерді еске алды.
Күләш Қазбекова, Б.Қазбековтің апасы
Асыл бауырым осы дәрігерлікті шын ниетімен жақсы көріп, сүйген маманы. Қандай жарақатта болса да, ол өзінің қызметін тастамады. Қайратты азамат болды, ешқандай неге сынбайтын. Операцияны қалдырмай, қандай жағдай болсада кісілердің өмірін сақтап, сыйлап берген азамат. Бізге күш-қуат береді, еңсемізді түсірмей, бауырымыздың осы халық есінен кетпегендігі бізге өте қуанышты.
Бекбер Касыбаев, Б.Қазбековтің жиен ағасы
Мына больницаның фундаментінен бастап, түгел бітірген осы азамат, өмірінің ақырына дейін осында қызмет етті. Ол кісінің адалдығын, дұрыс қызмет істегенің осы бүгінгі кешімізден түсінікті.
Аурухананың ақ қабырғасында қос балдаққа сүйе жүре ота жасап, науқастардың өміріне араша түскен жан рухтың мызғымас күшін, қайрат-жігердің нағыз көрінісі еді. Оның жасаған әр отасы тек кәсіби біліктіліктің емес, адами ерліктің үлгісі дейді әріптестері.
Гүлнәр Бекбаева, Б.Қазбековтің әріптесі
Қарамағында істеген жұмысшылардың әрбірінің жағдайын біліп отырды ол кісі, біз өзіміз жиі кіретінбіз ақыл, тәжірибе алуға. Бізге үйретіп, сол тәжірибемен осы күнге дейін жұмыс істеп келемін мен.
Гүлжанар Нұрмұхамбетова, Б.Қазбековтің әріптесі
Ол кісі енді адамгершілігі мол болды, білімді, жауапкершілігі мол кісі болды. Жұмыста бізден сұраныс енді болатында.
Май ауданында заманауи зәулім аурухананың бой көтеруі - Байболат Қазбекұлының ерең еңбегінің нәтижесі. Ал осы еске алу кешінің өтуіне аурухана ұжымы ұйытқы болды. Ортамызда өзі болмаса да, оның сөзі, еткен еңбегі мен халыққа жасаған жақсылығы мәңгі біздің жадымызда дейді аудан дәрігерлері. Оның ізін қазір осындағы жас дәрігерлер жалғап келеді. Барлығы еңбек көзін тауып, мемлекеттен қолдау да көріп отыр.
Алшынбек Ахтанов, Май аудандық аурухана басшысының М.А.
Өткен жылы бізге 7 медицина қызметкері жұмысқа келді. Олардың қатарында, терапевт, жалпы тәдірибе дәрігері, реанемотолог, стоматолог, невропотолог және 2 хирург бар. Қазір олар жұмыстарын атқарып жатыр, барлығы халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын. Өйткені, бұған дейін бізде кадр тапшылығы мәселесі болды. Биыл тағы бір гинеколог дәрігерді жұмысқа алдық.Мұнымен біз кадр тапшылығы мәселесі мүлде жоқ деп айта алмаймыз, бірақ барлық дәрігер аудан шағын болсада тұрғындардың денсаулығын арттыруда жүйелі жұмыс істеп келеді.
Байболат Қазбеков – бір ғана адамның емес, тұтас бір ұрпақтың мақтанышы. Ол адам жаны үшін күресе жүріп, нағыз адамдықтың, шексіз төзімнің, ерекше ерліктің белгісіне айналды. Енді оның жарқын бейнесі аудан тарихында алтын әріппен жазылатыны анық.
Қымбат Садық