Демалыс күндері облыс тұрғындары табиғатқа жанашырлық танытып, жақсы істің жаршысы болды. Жақсылық жаса – табиғатты бірге қорғайық экологиялық акциясы өтті. Ерекше шара оқушылар сарайының алаңында пластикалық қақпақтарды жинаудан басталды.
Шара дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Игі істің мақсаты - балаларға табиғатты қорғаудың маңыздылығын ұғындырып, оларды қамқорлық пен мейірімділікке баулу. Жиналған қақпақтар өңдеуге жіберіледі. Түскен қаражат, мұқтаж балалардың қажеттілігіне жұмсалады.
Әсел Рахметова, Павлодар қаласы «Ашық жүректер» қоғамдық қорының директоры
Қақпақ жинау бұл қарапайым әдіс. Бірақ оның тигізетін көмегі, әсері өте маңызды деп санаймын. Өйткені біріншіден, біз қоршаған ортаны ластамаймыз. Екіншіден, ауырып жатқан балаларға біраз болсын көмегімізді тигіземіз. Жалпы бұл шара 3ші рет дәстүрге айналды. Бұл шараға Павлодар облысының мемлекеттік мекемелері яғни, мектептері, балабақшалары қатысады. Сонымен қатар біздің Павлодар облысымыздың тұрғындары да өз үлестерін қосуда.
Бұл игі бастама өңірде үш жыл қатарынан табысты өтіп келеді. Жыл сайын акцияға 20 000-нан астам мектеп оқушылары мен қала тұрғындары белсенді түрде қатысады. Былтыр 7 400 кг пластикалық қақпақ жиналып, қайта өңдеуге тапсырылды. 993 740 теңге көлемінде қаражат түсіп, науқас балаларға көмек көрсетілді.
Зере Жәнібекқызы, мектеп оқушысы
Пластикалық қақпақтарды қайта өңдеуге, тапсыруға болады. Түскен қаражат балаларды емдеуге жіберіледі. Қақпақтарды жинау біздің отбасылық дәстүрге айналды. Әркім өзінің үлеін қоса алады. Мен жыл сайын осы акцияға қатысамын. Қатысқаныма 4 жыл болды. Контейнер қойып сол жерге қақпақты жинау керек. Біздің табиғат анамыз әрдайым сұлу болсын. Балалардың барлығы сау болсын.
Пластикалық қақпақтарды Павлодар қаласындағы Қамзин көшесі, 237 мекенжайында орналасқан «Тиын» дүкеніне тапсыра аласыз.
Сабина Жолдаспаева