Өңірде бірнеше кадрлық ауыс-түйіс орын алды. Бұл туралы бүгін өңір басшысы Асайын Байхановтың қатысуымен өткен аппаратты жиын басталмас бұрын белгілі болды.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың өкімімен бірқатар басқармаларға жаңа басшылар тағайындалды. Ветеринария басқармасының басшысы қызметіне Төлеутаев Асылтас Абылайұлы келді. Ол осыған дейін аталған департамент басшысының орынбасары болған. 1988 жылы Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылында туған, екі жоғары білімі бар. Индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік және сауда басқармасы екіге бөлініп, әр салаға жеке басшы тағайындалды. Кәсіпкерлік және сауда басқармасын Талғат Әнуарбекұлы Дұғалов басқармақ. Ол 1989 жылы туған, екі жоғары білімі бар, бұған дейін Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Индустриялық-инновациялық даму басқармасының тізгінін Людмила Рашидқызы Құрманова ұстады. Ол осыған дейін біріккен басқарманы басқарған. Өңір басшысы жаңадан тағайындалған жетекшілерге сәттілік тілеп, жауапты қызметті абыроймен атқаруға шақырды.
Әйгерім Тоқпанқызы