Отан – отбасынан басталады. Әр әулеттің берекесі мен бірлігі елдің құты, жердің мерейі. Айналасына үлгі болып, шаңырақтың шынайы шаттығын көрсетіп жүрген отбасылар арамызда аз емес. Солардың бірі Павлодар ауданы, Мичурин ауылында тұратын Жұрағат Аяпбергенұлының әулеті.

Жұрағат Аяпбергенұлы алты баланы тәрбиелеп өсірген ақсақал. Монғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. Ол елде мемлекеттік қызмет атқарып, қоғамға еңбегі сіңген. Еңбегін Монғолия Үкіметі де бағалап шет елдерге жиі саяхатқа жіберіп тұрған. Мәскеу, Минск, Варшава қалаларында болып қайтқан. Тоқсаныншы жылдары тарихи отанға көшіп келген. Бүгінде алты баласы Қазақ елінде ер жетіп, әр түрлі салада еңбек етуде.

Жұрағат Аяпбергенұлы, Мичурин ауылының тұрғыны

Мемлекеттегі семьялар қалай болса, мемлекет те солай болады. Жұбайым екеуміз отасқанымызға 63 жыл болды. Бала-шағамызды қолымыздан келгенше жақсы тәрбиеледік. Менің жасым 84 те, жұбайым 75 те. Ол Монғолияда бытовой комбинатта істеген.

Отанасы Шәмшия әжей 17 жасынан бастап үйренген қолөнерін қыздары мен келіндері жалғастырғанын қалайды. Қазақы нақыштағы киімдер мен тұрмысқа қажетті текемет, түскиіз, сырмақ сияқты бұйымдарды қолдан жасайды. Балаларының алды осы өнерді кәсіп етіп, көпке танылып жүр. Яғни, әжейдің өнері жерде қалған жоқ.

Шәмшия Әпей, Мичурин ауылының тұрғыны

Тоқсаныншы жылдары өзім тігін машинасын алып жеке жұмыс істедім. Содан бері кестемен айналысам. Ол кездегі машинка Украинанікі болды. Қазір техника басқа. Қытайдан алдырдым. Анар деген қызымның орталығы бар. Онда балаларға үйретеді. Мен де көмектесемін. Мынау да, мынау да өзіміз тіккен киімдер.

Әулеттің кенже келіні Балдырған Әбдікенова осы өнерді талмай үйреніп келеді. Болашаққа керек қастерлі өнер екендігін тереңі түсінген ол енесінің әр қимылын қалт жібермей бағып, шеберлікті меңгеруге тырысады.

Балдырған Әбдікенова, Әулеттің кіші келіні

Жолдасыммен отау құрғанымызға 6 жыл болады. Үш баламыз бар. Екі қыз, бір ұл. Осы апамыздың қолөнеріне көмектесіп, ары қарай дамытудамыз. Апамыздың жасаған заттарының бәрін сақтап отырмыз. Болашақ ұрпаққа сақтау қажет әрі қарай алып кету үшін.

Отбасы шағын отан. Жанұяда бірлік болса ғана, елдің мейманасы асып, ынтымағы жараспақ. Жұрағат Аяпберген ақсақалдың отбасы тәрбиесіндегі басты ұстанымы осы.

Жанасыл Серікбол