Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ұршық иіруден байқау өтті. «Дәстүр – ұлттың тамыры» атты сайысқа қала мектептерінен 9 оқушы қатысты. Қыздар ата-бабадан қалған өнерді жаңғыртып, ұршық иірудің қыр-сырын көрсетті. Әр қатысушы өз шеберлігін танытып, жіпті жіңішке әрі біркелкі етіп иіруге тырысты.

Байқау барысында қатысушыларға мақтаны өңдеп, оны иіруге дайындау тапсырылды. Қыздар дайындалған талшықтан ұршық арқылы жіп иіріп, оны ширату жұмысын орындады. Жұмыстары ұқыптылығы, жылдамдығы және жіптің сапасы бойынша бағаланды. Әділқазылар алқасы әр кезеңді мұқият бақылап, өз бағаларын берді.

Маржан Шайхимова, Бұқар Жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің өнер бөлімінің әдіскері

Байқауға бүгінгі күні 9 қыз бала қатысып отыр. Байқаудың себебі не десеңіздер, бұл біздің салт-дәстүрімізді келешек ұрпақтарға бойына сіңіру, дәріптеу болып табылады. Мақсатымыз біздің сол. Біздің сұрауымыз бойынша біз оларды қалай үйреніп келді қазір оның барлығын байқау барысында байқаймыз.

Байқауға қала мектептерінің 6–9 сынып оқушылары қатысты. Солардың бірі – Дильназ Татенова. Ол ұршық иіруді әжесінен үйренген. Айтуынша, бұл өнерге бұрыннан қызығып келген. Қатысушылардың барлығы тыңғылықты дайындықпен келгенін көрсетті.

Дильназ Татенова, қатысушы

Менің ойымша бұл аса қиын деп айтпаймын. Мен екі аптаның ішінде үйреніп алдым. Біріншіден жүнді алып оны тарайсыз. Содан кейін түтесіз. Содан ғана жүнді алып ұршыққа қойып иіруге болады. Содан кеін ғана жіп пайда болады.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар арнайы мадақтама қағаздармен марапатталады. Барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталады.

Сабина Жолдаспаева