Ұлттық құндылықтар ұлықталған мереке қарсаңында Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернатында ерекше шара өтті. «Ас атасы – нан» деген қағиданы негізге алған оқушылар бауырсақтан көрме ұйымдастырды. Әр сынып өз дастарханын әзірлеп, бауырсақтың сан түрлі нұсқасын ұсынды.

Бұл шара мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биыл байқауға 5–10 сынып оқушылары қатысып, барлығы 15 сынып өз өнерін көрсетті. Әр дастархан ерекше безендіріліп, қатысушылар бауырсақты ұсынуда шығармашылық танытты. Арнайы құрылған қазылар алқасы әр сыныптың жұмысын аралап, дайындау тәсіліне, безендірілуіне және ұсыну мәдениетіне қарай бағалады.

Нұрбек Зылғарин, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған қазақ гимназия-интернаты басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Ас атасы-нан демекші, бауырсақтың түрлерін, қадір-қасиетін, құндылығын көрсету мақсатында өтіп жатыр. Бауырсақтың түрлері бар. Мысалы шаңырақ бейнесінде, қобдиша түрінде, ұлттық нақышта жасалған бар. Оның өзі біздің өскелең ұрпаққа үлкен үлгі-өнеге. Нанның қадірін білу, жоғары бағалау және тәрбиелік мәні бар нәрсе.

Сабина Жолдаспаева, тілші

Көріп тұрғанымыздай әр сыныптың дастарханында бауырсақтың түрлеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Бұл жерде дәстүрлі домалақ бакуырсақтан бастап, түрлі пішіндес ерекше бауырсақтар дайындалған. Қазір көзіме киіз үй пішіндес бауырсақ түсті. Сол туралы сұрап білсек. Бакуырсақ туралы айтып берсең? Кім дайындады және қалай дайындадыңдар? Неге киіз үй пішіндес?

Жәнел Дәуіт, 7-сынып оқушысы

Өйткені киіз үй бұл қазақ халқының дәстүрлі баспанасы. Ол көшпелі халық үшін өте қолайлы, ыңғайлы болды. Менің ойымша киіз үй пішіндес бауырсақ бүгінгі тематикаға сәйкес келеді. Сонымен қатар бұл бауырсақты біздің ата-аналарымыз бірге жасады. Одан басқа ши бауырсақ, дәстүрлі бауырсақтар бар.

Көрмеге ұсынылған тағамдардың дайындалуына ата-аналар да белсенді атсалысқан. Олар балаларға бауырсақтың жаңа үлгілерін жасауға көмектескен. Әр отбасының шеберлігі мен талғамы дастарханнан айқын көрінеді.

Алина Тілеутемирова, ата-ана

Бұл бауырсақтар ата-аналардың өздерінің қолдарынан пісірілген. Ата-аналардың өздерінің идеялары. Өздерінің шеберлектеріне, шығармашылықтарына байланысты түрлі бауырсақтар пісірілді.

Ұлттық тағамды дәріптеген мұндай шара жас ұрпақтың салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттады. Әсіресе Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған бұл көрме көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Сабина Жолдаспаева