Ел аумағында «Мигрант» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. 17 наурыз күні басталған профилактикалық шарасында тәртіп сақшылары қос азаматтығы бар азаматшаны анықтады. Бұл дерек рейд барысында белгілі болды.

 Полиция қызметкерлері көрші мемлекеттің азаматтығын алған Қазақстан Республикасының азаматшасын анықтады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, азаматтар басқа мемлекеттің азаматтығын алғаны туралы уәкілетті органға міндетті түрде хабарлауы тиіс. Алайда әйел бұл талапты орындамай, көші-қон қызметіне немесе Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктеріне хабар бермеген. Осыған байланысты ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шарбақты аудандық сотының шешімімен ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылып, ел аумағынан шығарылды. Сондай-ақ оған Қазақстанға қайта кіруге тыйым салынды. Департамент көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.

Әйгерім Тоқпанқызы