Павлодар ауданында оқушылар спорт пен заң тақырыбын қатар ұштастырған шараға қатысты. Черноярка ауылында «Айқын нәтиже» жобасы мен «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Жастар және заң» атты аудандық шара өтті.Толығырақ келесі сюжетте.
Черноярка мектебінің стадионында жанкүйерлердің қолдау үні жаңғырып тұрды. Қатысушылар 500 метр, 1 және 2 шақырым қашықтықтарды бағындырды. Кей тұста жолдың қар жамылғысы, жел кедергі келтіргенімен, жарысушылар мәреге дейін қарқынын жоғалтпады.
Дмитрий Ющенко, Черноярка орта мектебінің оқушысы
Мен жарыстарға жиі қатысамын. Көбіне шаңғы базаларына барамыз, ал бүгін жарысты өз ауылымызда өткізуге шешім қабылданды. Мұндай шараларды мектептерде жиі өткізу керек деп ойлаймын, өйткені ол мектептер арасындағы қарым-қатынасты дамытады.
Жарысқа Мичурино, Пресное, Луганск ауылдарынан командалар келді. Бұл оқушылар үшін бір-бірімен танысып, пікір алмасуға, сондай-ақ командалық рухты сезінуге мүмкіндік болды.
Неля Гельгорн, Луганск орта мектебінің оқушысы
Бүгін біз шаңғы тебуге келдік. Мен мұнда алғаш рет келіп тұрған жоқпын. Маған шаңғы тебу өте ұнайды, өйткені бұл өте қызықты.
Евгения Лаутеншлегер, Луганск орта мектебінің оқушысы
Маған шаңғы спорты ұнайды, өйткені көңілді өтеді, түрлі ауылдарға барып, жаңа нәрселер үйреніп, жүлделі орындарға ие болуға мүмкіндік бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар балалардың дене белсенділігін арттырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жарыстан кейін қатысушылар марапатталды. Кейін оқушылар жергілікті Мәдениет үйіне жиналды.
Әзімхан Исаков, Павлодар ауданының прокуроры
Жақында референдум өтті. Жаңа Конституцияда «Заң және тәртіп» ұғымы жеке бағыт ретінде айқындалды. Сіздер – бүгінгі жас буын, осы тұжырымдаманы жүзеге асыруға атсалысасыздар. Оның негізгі бағыты – құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Оқушылармен дропперлік, есірткіні қолдану мен тарату салдары, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түрлі құқықбұзушылықтар үшін заң алдындағы жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кейін дәл осындай кездесу оқушылардың ата-аналарымен де өтті.
Дильназ Қуанышбекқызы