Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, туристік маусымға дайындықты және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын тексерді.
Өңір басшысы Баянауыл ауданында бірқатар нысандарды аралады. Соның ішінде 1958 жылы салынған Майқайың кентіндегі балалар музыка мектебінің ғимараты бар. Екі қабатты мектеп ғимараты апатты деп танылған және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты оны бұзу және жаңа, заманауи оқу кешенін жобалау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта 313 бала шығармашылықпен Майқайыңдағы «Кенші» мәдениет үйінің ғимаратында айналысуда.
Облыс әкімі бейінді басқармаларға Баянауыл ауданының Майқайың кентінде және Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылында ауданы 1000 ш. м. болатын жаңа музыка мектептерін салу жобасын әзірлеуді тапсырды.
Одан кейін Асайын Байханов Майқайың кентінің жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері объектілерінің жай-күйімен танысты. Кәріз желілерінің жалпы ұзындығы - 13 км, жылу желілері - 8,3 км. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша техникалық аудит жүргізіліп, нәтижесінде кәріз желілерінің 69%-ға және жылу желілерінің 65%-ға тозу деңгейі белгіленді. Осыған байланысты жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттаманы, су бұру жүйесін санациялау әдісімен жөндеуге құжаттаманы әзірлеуді тапсырды.
Жазғы туристік маусымға дайындық аясында аудан әкімі Ардақ Ксентаев туристік инфрақұрылымның ағымдағы жағдайы туралы баяндады. Қазіргі уақытта ауданда жалпы сыйымдылығы 5 мыңнан асатын 54 демалыс үйі бар, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары жұмыс істейді. Жазғы кезеңде «Жасыбай», «Сабындыкөл» және «Торайғыр» демалыс аймақтарында қосымша тамақтану орындары мен сауда павильондарын ашу жоспарлануда.
Туристік инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін шамамен 568 млн теңгеге Сабындыкөл көлінің жағалау аймағын абаттандыру көзделген. Сондай-ақ, Баянауыл ауылында 1 млрд теңгеге жуық қаражатқа өлкетану мұражайы орналасатын визит-орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл бастамалар Жасыбай көліне түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Ауданда жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың қатарында жыл бойы жұмыс істейтін «Березовая роща» демалыс үйінің, Баянауылға кіре беріс жердегі жанар-жағармай құю бекетінің жанындағы қызмет көрсету аймағының, «Сабындыкөл Плаза» демалыс базасының, сондай-ақ әлеуметтік нысандары бар мәдени орталықтың және «Факел» демалыс аймағындағы қонақ үйлердің құрылысы бар.
Сонымен қатар, өңір басшысы Баянауыл ауылында ауданы 2 мың шаршы метрден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді.
Баянауыл ауданында туристік маусымның ресми ашылуы 14 маусымға жоспарланған. Облыс әкімі жазғы маусымның сәтті басталуын қамтамасыз ету үшін барлық дайындық жұмыстарын 10 маусымға дейін аяқтау міндетін қойды.
Жанасыл Серікбол