«Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында Қаржы мониторингі агенттігінің Экономикалық тергеп тексеру қызметі агроөнеркәсіптік сектордағы заңсыз схемаларды анықтау бойынша бір қатар жұмыстар атқаруда. Павлодар облысында Ресейден әкелінетін астықтың күмәнді импорты 2022 жылдан бері анықталып келеді. Бұл заңсыз әрекеттер мемлекет кірісіне және ұлттық тасымалдаушыларға зиян келтірген.

2024 жылы ҚР Қылмыстық Кодексінің бірнеше баптары бойынша 22 қылмыстық іс тіркелді. Жалпы мемлекетке келтірілген шығын көлемі — 4,24 млрд теңге. Атап айтқанда, теміржол тарифін заңсыз пайдаланған бір кәсіпкер 253,7 млн теңге шығын келтірген. Тағы бір ірі экспорттаушы жалған компаниялар арқылы 1,9 млрд теңгеге операция жасап, 322 млн теңге залал келтірген.

Анықталған схемалар екі бағытта жұмыс істеген. Біріншісі шекарадан өтетін астық көлемін азайтып көрсету арқылы қосылған құн салығынан жалтару. Екіншісі ресейлік арзан бидайды қазақстандық өнім ретінде үшінші елдерге сату арқылы теміржол тарифінен айналып өту.

Қазір былтырмен салыстырғанда құқық бұзушылық азайған, бірақ Экономикалық тергеу департаменті бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда. Мемлекеттік кірістерді қорғау және ауыл шаруашылығы өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою – басты міндет.

Дильназ Қуанышбекқызы