Жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде оң экономикалық өсім тіркелді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 1 триллион 120,5 миллиард теңгеге жетті. Негізгі салалар – өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, ішкі сауда, көлік және байланыс – даму қарқынын сақтап отыр.
Экономиканың басты қозғаушы күші – өңдеу өнеркәсібі. Саладағы өсім алты айда 3,4 пайызды құрады. Бұл көрсеткішке дайын металл өнімдері мен мұнай өнімдерін қайта өңдеу көлемінің артуы, сондай-ақ машина жасау саласындағы белсенділік ықпал етті.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Басты міндет – экономиканың жылдық өсімін 6–7 пайыз деңгейіне жеткізу. Қазірдің өзінде жеті айдың қорытындысы бойынша оң серпін сақталып отыр. Көрсеткіштер тұрақты, жыл соңына дейін бұл қарқын бәсеңдейді деген қауіп жоқ. Өңдеу өнеркәсібі қазір 3,4% өсіп отыр, бұл көрсеткіш жыл соңына қарай 10%-ға дейін жетуі мүмкін. Ауыл шаруашылығында өсім 2 пайызды құрады. Негізгі егін жинау тамыз–қыркүйек айларына жоспарланған, сондықтан жыл соңына дейін бұл салада 7 пайыздық өсім күтіліп отыр. Құрылыс саласында да тұрақты даму байқалады. Павлодарда – 4, Екібастұзда – 3, ал Ақсуда 1 тұрғын үй тапсырылды. Бұған қоса, жыл соңына дейін әлеуметтік осал топтарға арналған 700-ден астам пәтер сатып алу көзделген. Бұл бастама екі жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді және оған тек қалалар ғана емес, аудан орталықтары да тартылған.
1 тамызға дейін республикалық бюджеттен 60 млн теңге, ал жергілікті бюджеттен 100 млн теңге игерілді. Осы қаражат есебінен 46 пәтер сатып алынды. Оның 45-і Екібастұзда, ал біреуі Ақтоғай ауданында. Өңірге инвестиция тарту қарқынды. Оның көлемі шамамен 440 миллиард теңгеге жетті. Оның 78 пайызы – кәсіпорындардың өз қаражаты.
Ирина Назарчук, Павлодар облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы
Облыста бірнеше ірі жоба жүзеге асуда, оның төртеуі – ерекше ауқымды. Ішкі сауда көлемі 22%-ға, көлік саласы – 15%-ға өсті. Жолаушылар тасымалы 7%-ға, ал жүк тасымалы 20%-ға артты. Мұның бәрі – өңірдің тұрақты дамуының айғағы».
Жартыжылдық қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көлемі 1 миллион 493,3 мың теңгені құрады.
Әйгерім Тоқпанқызы