Павлодарда 100 мыңға жуық вейп жойылды. Биыл тыйым салынған өнімдерді сатуға байланысты 8 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын заңсыз тауар тәркіленген.
Павлодар облысында тыйым салынған электронды шылым өнімдерін жою жұмыстары тамыз айында алғаш рет ұйымдастырылды. Шара аясында тәркіленген 91 мың дана вейп ресми түрде жойылды.
Жою процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен тәркіленген электронды шылымдар арнайы техника көмегімен тапталады. Бұдан соң, қалдықтарға химиялық реагенттер қосылып, олардың қайта пайдаланылуына жол берілмейді. Осылайша тыйым салынған өнімдер толықтай жойылады. Бұл шара ел аумағында электронды темекі өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қою және қоғамдық денсаулықты қорғау бағытындағы нақты қадамдардың бірі.
Сұлтан Сұлтанов, қала тұрғыны
Мен электронды шылым мен соған ұқсас тыйым салынған өнімдердің кез келген түріне түбегейлі қарсымын. Себебі олар ең алдымен адам денсаулығына орасан зиян келтіреді. Соның салдарынан түрлі аурулар пайда болып, қоғам үшін күрделі мәселеге айналуда.
Айта кетейік, қазір вейптерді сатқандарға ірі мөлшерде айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына жегіледі. Заңсыз өнімді өңдеушілер мен тасымалдаушылар да жауапқа тартылады. Ал, Егер әрекет бірнеше рет қайталанып, адамдар тобы арқылы ұйымдастырылса — жазалау тетігі әлдеқайда қатаң: 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру және 5 000 АЕК шамамен 18 000 000 теңге көлемінде айыппұл салу мүмкіндігі қарастырылған.
Байтұрсын Жұмабай