Павлодар облысында мыңдаған тұрғын әлі күнге дейін мүлік және көлік салығын төлемеген. Төлеу мерзімі жақындап келеді. Уақытты асырып, созбақтағандар жазалануы мүмкін. Айыппұл салынып, шоттар бұғатталып, тіпті шетелге шығуға тыйым салынуы да мүмкін.
1 қазанға дейін барлық жеке тұлғалар 2024 жылға арналған мүлік салығын төлеуі тиіс. Қазіргі таңда облыстың 30 мыңнан астам тұрғынының жалпы сомасы 72 миллион теңгеге жуық қарызы бар.
Арман Уәлиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Мүлік салығын толық төлеуге шамамен бір жарым ай уақыт қалды. Салық төлеушілерді заң талаптарын сақтауға шақырамыз. Борышты өтемеген жағдайда жеке сот орындаушылар арқылы шара қолданылады.
Мемлекеттік салық департаменті көлік салығын төлеу туралы да еске салады. 2025 жылдың салығы 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін төленуі тиіс. Бірақ облыста өткен жылғы қарызын әлі өтемегендер бар. Қазір облыста 17 мыңнан астам көлік иесінің 2024 жылға қарызы 870 миллион теңгеден асады.
Арман Уәлиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Бұл бағытта да жұмыс істеп жатырмыз. Қажетті салықтық нұсқаулар жіберіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 216 ескертпе жібердік. Рейдтік шаралар өтуде. Рейдік шаралардың арқасында 40 миллионға жуық теңге өндірдік.
Қарызыңызды білу оңай. Ең бастысы уақытылы өтеу. Өйткені, кешіктірілген борыш келеңсіз жағдайлар тудырары сөзсіз. Сонымен қатар, департаментте жеңіл автокөлік иелеріне салық жеңілдіктері туралы түсініктеме берілді.
Арман Уәлиев, Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер бөлімі басшысының міндетін атқарушы
Жиырма жылдан асқан машина болса 50 пайыз жеңілдік бар. Мәселен, 400 мың теңге салық болса, 20 жылдана асқан көлік иесі 200 мың төлейді.
Өз кезегінде, 10 жылдан асқан көліктерге көлік салығы бойынша 30 пайыздық жеңілдік жасалады. Яғни, қазақстандық жеңіл автокөлік паркінің жартысынан астамы келесі жылдан бастап салық жеңілдіктеріне ене алады.
Жанасыл Серікбол