Биыл әйгілі кинорежиссер, кино аударма саласының майталманы Қуат Әбусейітовтың туғанына 100 жыл. Осыған орай облыста бірқатар шаралар легі өтуде. Бүгін Қуат Әшірбекұлы оқыған Абай атындағы мектеп гимназиясының қабырғасына мемориалды тақта орнатылды.

Қуат Әбусейітов қазақ өнеріне еңбегі сіңген елелі тұлғалардың бірі. Дүниеге келгеніне 100 жыл толуына орай Павлодар тұрғындары Абай атындағы дарынды балаларға арналған мектеп гиназиясына жиналды. Өйткені, өнер майталманы осы мектепте оқыған.

Өнер қайраткерінің еңбегін еске алып, өміріне ой жүгірткен қауым ескерткіш тақтаны салтанатты түрде ашты.

Жиналған қауым гүл шоқтарын қойып, өнерпаз рухына құрмет білдірді. Шараға Алматы қаласынан Қуат Әбусейітовтың қызы Меруертке Әбусейітова арнайы келіп қатысты.

Меруерт Әбусейітова, тарих ғылымдарының докторы, Қуат Әбусейітовтың қызы

Әкем де, шешем де кинорежиссер. Сондықтан, отбасымызда әрқашан шығармашылық атмосфера болды. Десе де, біз басқа салаларда көбірек еңбек етеміз. Ағам кинооператор, тағы бір ағам дипломат, мен ғылым саласындамын. Шығыстанушымын. Әкем бізді өнермен қатар, ғылымға да құштарлығымызды оята білді. Бүгінгі шараны ұйымдастырғандардың баршасына алғыс айтамын. Әкем осы мектепте оқыды. Бұл мектеп туралы көп естелік айтатын.

Қуат Әбусейітов есімі бүгінгі таңда Абай мектебінің оқушылары үшін жүріп өткен жолы мен еңбегі үлгі боларлық тұлғалардың бірі.

Жанасыл Серікбол