Павлодарлық жастар "Тарихтың ізімен" жобасы аясында Павлодар орблысының қасиетті орындарына саяхат жасауда. 14 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар апта сайын өңірдің тарихи ескерткіштеріне барады. Онда тарихтың терең сырына қанығып, мол білім жинайды. Тұлғалар өмірін зерделейді. Жастардың Баянауыл ауданындағы сапарына біздің түсірілім топ куә болды.

 «Тарихтың ізімен» жобасы шаһарымызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл бастама аясында жастардан құралған экспедициялық топ апта сайын қасиетті мекендерге саяхат жасайды.

Баянауыл ауданында экспедиция мүшелері халқымыздың біртуар ақыны, данышпан ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне барып, рухына тағзым етті. Кейін олар ақынның тұрмыс кешкен үйіне ат басын бұрып, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін мұралармен танысты. Айта кетейік, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шөбересі бүгінде ата-баба мұрасын сақтап, ата шаңырақты өз қамқорлығына алып, абаттандыру жұмыстарын қолға алған.

Жоба аясында Павлодарлық жастар Қалмаққырылған жеріне, сондай ақ Аққулы ауданында орналасқан Мерғалым кесенесіне аттанады.

Жанасыл Серікбол