Павлодар әуежайының дайындығы бағаланды
Қыс мезгілінде әуе кемелерінің қауіпсіз ұшуы үшін оларды мұздануға қарсы өңдеу маңызды. Павлодар әуежайы бұл жұмыстарды жүргізуге техникалық тұрғыдан дайын. Мамандар тексеру барысында ешқандай кедергі анықтамаған. Ал Павлодар–Алматы бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтатқан FlyArystan әуе компаниясы ұшуды қайта жандандырды.
Павлодар әуежайынан екі бағыт бойынша тұрақты рейстер орындалады. VietJet Air әуе компаниясы Павлодар–Астана бағытына, ал FlyArystan Павлодар–Алматы бағытына қызмет көрсетеді. Алайда, FlyArystan әуе компаниясы ұшуды уақытша тоқтатқан.
«Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» әуежайдың әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеу жұмыстарына дайындығын тексерді. Нәтижесінде бұл рәсімдерді орындауға кедергі келтіретін шектеулер анықталған жоқ.
VietJet Air рейстері белгіленген кестеге сәйкес орындалып келеді. Ал FlyArystan әуе кемелерін өңдеу сапасын тәуелсіз зертханада бағалау үшін Павлодар–Алматы бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатқан. Тиісті жұмыстар 22 қазанда аяқталды. Компания Алматы–Павлодар бағыты бойынша рейстерді қайта жандандырды.
Сабина Жолдаспаева