Көпжылғы еңбегі үшін лайықты марапат
Тереңкөл ауданы
Тереңкөл ауданының Томарлы ауылындағы математика пәнінің мұғалімі Мемлекет басшысының қолынан мемлекеттік марапат алды. Ахметжан Садықов білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Білікті педагогтің еңбек жолы мен жетістіктері жайлы алдағы сюжетте.
Томарлы ауылындағы мектепте Ахметжан Садықов тәжірибелі ұстаз ретінде танылған. 28 жылдық еңбек өтілі бар педагог әріптестерімен білімі мен тәжірибесін бөлісіп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп келеді.
Ахметжан Садықов білім саласына 1997 жылы келген. Бұған дейін инженер болып еңбек еткен ол кейін ұстаздық жолды таңдады. Отбасында білімге деген құрмет ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Әулеттегі жеті адам математика пәнінен сабақ береді. Ахметжан Садыковтың үш ұлы да педагогика саласына бет бұрған.
Айта кетейік, биыл Астанаға еліміздің барлық өңірінен 30 педагог шақырылды. Олардың қатарында мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары, қосымша және инклюзивті білім беру мамандары бар. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, марапатталған педагогтердің әрқайсысының кәсіби еңбек өтілі шамамен 30 жылды құрайды.
Байтұрсын Жұмабай