Әлеуметтік қызметкерлер кәсіби мерекесін атап өтті
Дәстүр бойынша, қазанның соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні. Биыл кәсіби мереке Республика күнімен тұспа-тұс 25 қазан аталып өтеді. Қос мереке қарсаңында Достық үйінде салтанатты іс-шара өтіп, мейірбан қызмет өкілдері құрметке бөленді.
Халықтың әлеуметтік осал санаттарына қолдау көрсетіп, түйінді мәселелерін шешуге көмектесетін сала мамандарының қоғамда рөлі әрқашан бағалы. Ал кәсіби мереке – осындай ізгі жандарға шынайы алғыс айтып, ерекше ілтипат білдіруге тамаша мүмкіндік. Салтанатты жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов жұртшылықтың алғысына бөленген қауымды құттықтай отырып, бұл саланың жауапты да қадірлі мамандық екенін атап өтті.
Іс-шараның негізгі бөлімінде көпжылғы адал еңбегі мен аймақтағы әлеуметтік саланың өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін бірқатар маманға құрмет көрсетілді. Мәселен, жиырма жылдан аса табанды еңбек етіп, талай жанның жүрегіне жылу сыйлаған Әлимаш Тағабаева «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Жиын барысында үш номинация бойынша өткізілген облыстық байқаудың қорытындысы шығарылып, үздіктерге арнайы сыйлықтар мен елу мың теңгелік сертификаттар табысталды. Соның ішінде «Үйде қызмет көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері» аталымында Айгүл Сағындықова топ жарды.
Сала ардагерлері назардан тыс қалмады. Іс-шара ұйымдастырушылары оларды мерекелік кешке арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетті.
Жұлдыз Қабылденова