Павлодар қаласындағы Достық үйінде «Мәдениет пен дәстүр арқылы бейбітшілік пен өзара түсіністікке» атты мерекелік шара өтті. Бұл күн – Фин-угор этномәдени орталығы үшін ерекше. Себебі қоғамдық бірлестіктің құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр.

10 жыл ішінде орталық 500-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырған. Бүгінде Фин-угор этномәдени бірлестігінің құрамында 3 жастан 83 жасқа дейінгі 161 белсенді мүше бар. Олар өңірдегі этностар арасындағы татулықты нығайтуға, мәдени әртүрлілікті сақтауға зор үлес қосып келеді. Ұйымның бастамасымен ұлттық мейрамдар, әдеби кештер, түрлі концерттер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Ольга Николашина, Павлодар облыстық фин-угор этномәдени орталығының төрағасы

Осы он жылдың ішінде біз үлкен жұмыс атқардық. Орталықтағы Аналар кеңесі, Ақсақалдар алқасы және жастар қанаты белсенді қызмет етіп келеді. Бүгінде бізде екі шығармашылық ұжым бар. Олар хореографиялық «Самұрық» ансамблі мен вокалдық «Туған жер» тобы. Бізді қолдайтын жандар аз емес, соларға алғыс айтқым келеді. Әсіресе біздің жастар өте белсенді. Қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысында үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Дегенмен біз ұлттық болмысымызды – ән мен би арқылы сақтауға тырысамыз. Қоғамдағы бейбітшілік пен келісім ең басты құндылық, мұны біздің әрбір мүшеміз, әсіресе жастар жақсы түсінеді.

Орталық Омбы өңіріндегі фин-угор ұйымдарымен тығыз байланыс орнатып, бірлескен 5 шара өткізген. Мерекелік жиында орталық мүшелері ұлттық дәстүрлерін паш етіп, ән мен би арқылы өз мәдениетінің байлығын көрсетті. Салтанатты бөлімде бірлестік өкілдері қызыл кілеммен жүріп өтіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Данил Картелайнен, Ресей федерациясы Омбы облыстық фин-угор этномәдени орталығының өкілі

Біз Павлодар қаласымен тығыз байланыстамыз. Бұл жақтағы орталық жастарды өз іс-шараларына тартып жүргені құрметке лайық. Біздің ассоциация жұмысының басты мақсаты – тіл мен мәдениетті сақтау. Ал соңғы бастамалардың бірі Павлодарда скандинавиялық жүріс бойынша таныстырылым өткізу болды.

Мерекелік шара барысында орталықтың шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ән мен биден шашу шашылды. Жиын барысында белсенді мүшелер мен қонақтарға алғыс хаттар табысталды.

Сабина Жолдаспаева