Павлодар қаласында батуттық гимнастикадан ересектер арасындағы жеке және командалық Қазақстан чемпионаты өтті. Жарыс «Баянтау» спорт сарайында ұйымдастырылып, оған еліміздің тоғыз өңірінен 115 спортшы қатысты. Павлодар облысының намысын 29 спортшы қорғады.

Чемпионат барысында қатысушылар бірнеше бағыт бойынша сынға түсті: батутта жеке секіру, синхронды секіру, акробатикалық жол, қос мини-трамп және командалық жарыстар. Жеке сайыста спортшылар өз шеберліктерін көрсетсе, командалық есепте төрт спортшының нәтижесі қосылып, үздіктер анықталды.

Олег Белюсенко, Павлодар облысы бойынша батуттық гимнастикадан аға жаттықтырушы

Мұнда жеке секіруде жеңімпаз анықталады, сондай-ақ 4 адамнан құралған команда нәтижелерінің қосындысы бойынша бірінші орын сарапқа салынады. Құрамында 4 спортшысы бар команда ең жоғары ұпай жинаса, бірінші орынды иеленеді.

Төрт күнге созылған жарыста спортшылар жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Егор Белюсенко жартылай финалда үздік нәтиже көрсетіп, финалға сенімді өтті. Ол өз бағдарламасын сәтті орындап, жүлделі орынға таласуға дайын екенін жеткізді.

Егор Белюсенко, батуттық гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері

Бүгін жартылай финал өтті, финалға бірінші нәтижемен өттім. Қазіргі таңда ең мықты комбинациямды көрсеттім. Сенімді түрде, сабырмен өнер көрсетіп, дайындаған бағдарламамызды орындап жатырмыз. Эмоциялар өте жақсы, бәрі ойдағыдай өтті. Дайындағанымды көрсете алғаныма қуаныштымын. Енді финалда жүлде үшін күресіп, өз мүмкіндігімізді көрсету қалды.

Синхронды секіруде де тартыс жоғары болды. Бұл дисциплинада тек күрделі элементтер ғана емес, серіктестердің өзара үйлесімі мен дәлдігі ерекше маңызға ие. Қатысушылардың айтуынша, синхронды өнер көрсету жеке секіруге қарағанда жауапкершілігі жоғары.

 Александра Степанковская, қатысушы

Бес қос элементтен тұратын комбинация болды, аса қиын да, оңай да емес, жалпы жақсы өтті.Жеке секіру де, синхронды секіру де күрделі, бірақ синхрондыда жауапкершілік жоғары. Жекеде өзің үшін өнер көрсетесің, ал синхрондыда әрі өзің жақсы секіріп, әрі серіктесіңді ұятқа қалдырмауың керек.

Чемпионат қорытындысы бойынша жеке және командалық жарыстарда жеңімпаздар анықталды. Сонымен қатар, бұл жарыс мамыр айында Гонконгта өтетін Азия чемпионатына іріктеу кезеңі ретінде маңызды болды.

Дильназ Қуанышбекқызы