Ақсу ферроқорытпа зауытында жазатайым оқиғадан жұмысшы қаза тапты. Қайғылы жағдайға байланысты тергеу басталып кетті.

Ақсу ферроқорытпа зауытының баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 20 сәуір күні орын алған. Зауытта металл ұсақтау кезінде жазатайым оқиға болды. Салдарынан темір ұсатушы оқиға орнында қаза тапты. Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланды.

Асқар Қапанов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы

20 сәуір күні шамамен сағат 15:00-де Ақсу ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехында металды ұсақтау жұмыстарын жүргізу кезінде адам өліміне әкелген жазатайым оқиға орын алды. Зардап шеккен – 2002 жылы туған азамат. Ол зауытта ұсатушы болып жұмыс істеген.

Жыл басынан бері өңірде 13 жазатайым оқиға тіркелді. Оның біреуінде адам қайтыс болды.

Самал Қалиқызы