23 сәуір – Ұлттық кітап және Кітапханашылар күні. Осы мерекелер қарсаңында Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Кітапхана түні» акциясы өтті. Кеш мақсаты жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, кітапхананың заманауи мүмкіндіктерін көрсету болды.
Шара шымылдығы концерттік бағдарламамен түрілді. Өнерпаздар жиналған қауымға әсем ән мен би тарту етіп, кештің мазмұнымен таныстырды.
Кеш махаббат тақырыбына арналды. Шара барысында осы асыл сезімнің мәні мен қадір-қасиеті дәріптеліп, көрермен әсерлі көңіл күйге бөленді.
Шолпан Шахметова, С. Торайғыров атындағы облыстық біріктірілген әмбебап ғылыми кітапхананың басшысы
«Әзілхан Нұршайыховтың «Махаббат, қызық мол жылдар» тақырыбын алдық. Өйткені бұл шығарманы білмейтін адам жоқ, оқырман жоқ. Сондықтан барлығына жақын болсын деп осы тақырыпты алып отырмыз. Жай бос уақытын және бір-бірімен қауышатын ойындар алаңында еркін қатысуға болады. Сондықтан әуендер де бар, әндер де бар, өлеңдер де бар. Бұл жерде ақындармен кездесу бар және жастар өздерінің ашық микрофонға өздерінің махаббат сезімін білдіремін десе, емін-еркін жасай алады»
Кітапхана қонақтардың уақытын мазмұнды әрі қызықты өткізуі үшін тақырыптық алаңдар ұйымдастырды. Жәрмеңкелер мен көрмелер, әртүрлі ойындар, сайыстар, караоке кеші, фильм көрсетілімі және өзге де интерактивті алаңдар көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында «Абай мен Тоғжан» атты сахналық қойылым бар.
Қарлығаш Балтабай, студент
«Кітапхана ісі мамандығында оқимын. Мен кітапханаға практика кезінде келдім. Бұл түнінде біздің қойылымның тақырыбы осылай. Кітапханашылар ақылдаса отырып, осы Абай мен Тоғжанның махаббатын қоямыз деп шештік. Бұл көріністе Абай мен Тоғжанның бір-біріне деген махаббаты және соңында қосыла алмай қалады – соны суреттеп бердік. Мен өзім жақсы ойнап шықтым деп ойлаймын. Бұл көріністе мен Тоғжанның рөлін сомдадым. Абайдың Тоғжанға деген махаббаты, көзқарастары сахнада көрсетілді»
Кеш тақырыбы махаббатқа арналғандықтан, бұл асыл сезімді арқау еткен әндер мен өлең жолдары да шара көркін аша түсті.
Диас Әлмахан, студент
«Қойылым өте керемет, бізге ұнап жатыр. Бәрі ойдағыдай, сәтті болды. Көп-көп рақметімді айтамын. Біз кітапханада «Хат жазып тұр» алаңында махаббат туралы әндер айтқан болатынбыз. Сол махаббатқа байланысты өте мағыналы өлеңдер айттық. Гитара аспабында ойнадық, өйткені әсем әрі күшті шығуына байланысты гитара аспабын қолданған болатынбыз»
Аталған кешке жиналғандардың қарасы қалың болып, 500-ден аса қонақ қатысты. Олардың басым бөлігі – жастар.
Осылайша, жоба жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар кітапхана қорымен танысып, өзара пікір алмасып, рухани серпіліс пен шабыт алды. Сондай-ақ шара кітапхана мен оқырман арасындағы байланысты күшейтуге септігін тигізді.
Жұлдыз Қабылденова