Өңірде онкологиялық аурулардың құрылымында өзгерістер байқалады. Мамандар кейбір ісік түрлері азайғанымен, бірқатар бағытта өсім бар екенін айтады. Бұл өзгерістердің негізгі себептерінің бірі – халықтың медициналық тексерулерден жиі өтуі. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды өз денсаулығына мұқият қарап, уақытылы тексеруден өтуге шақырады.

2025–2026 жылдар аралығында облыста онкологиялық аурулар құрылымында өзгерістер байқалады. Бас және мойын ісіктері аздап төмендегенімен, бірқатар бағытта өсім бар. Ауыз қуысы мен жұтқыншақ обыры 41-ден 49-ға, көмей 28-ден 32-ге, қалқанша безі 51-ден 55 жағдайға дейін артқан. Ең жоғары көрсеткіш өңеш обыры бойынша тіркелді 36-дан 58 жағдайға дейін. Жалпы алғанда, кейбір онкологиялық ауру түрлері бойынша төмендеу байқалғанымен, бірқатар бағытта өсім бар. Мамандар мұны ерте диагностика деңгейінің артуымен және халықтың тексерулерден жиі өтуімен байланыстырады.

Валерий Кравчук, Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінің торакалдық бөлімше меңгерушісі

Бас және мойын ісіктері – бұл бір ғана ауру емес, әртүрлі дерттерді біріктіретін үлкен топ. Оған мұрын-жұтқыншақ, ауыз қуысы, көмей, жұтқыншақ, қалқанша безі және сілекей бездерінің ісіктері жатады. Қазіргі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – қалқанша безі обыры. Соңғы он жылда бұл ауру үш есе артқан. Бұл дерт жас талғамайды, яғни жастар да, егде жастағылар да шалдығуы мүмкін. Тағы бір күрделі мәселе – көмей обыры. Бұл ауру көбінесе ер адамдарда кездеседі. Мамандар оны негізінен темекі шегумен байланыстырады. Сондықтан ауыз қуысының тазалығын сақтап, тіс емханасына тұрақты түрде қаралу маңызды. Сонымен қатар, өңеш обыры да алаңдатып отыр. Бұл – ауыз қуысы мен асқазанды жалғайтын түтікше ағзаның ісігі. Соңғы жылдары оның көрсеткіші біртіндеп азайғанымен, әлі де кең таралған аурулардың қатарында. Сол себепті жұтыну кезінде қандай да бір жайсыздық болса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.

Мамандар тұрғындарды тегін тексеруден өтуге шақырады. 25 сәуір күні облыстық онкологиялық диспансердің емханасында ашық есік күні өтеді. Таңғы сағат 9-дан түскі 1-ге дейін кез келген адам ауыз қуысына қатысты шағымдарымен дәрігерлерге қарала алады. Қажет болған жағдайда қосымша тексерулер жүргізіледі. Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай шаралар ауруды ерте анықтап, дер кезінде ем бастауға мүмкіндік береді.

Сабина Жолдаспаева